Келешектің жарқын жүзі
Астананың аты биік,
Одан биік келешегі,
Төбем бүгін көкке тиіп,
Бойым жұртпен теңеседі.
Түркі жұрты берекелі,
Ту көтерген Түркістанда.
Білген дұшпан ер екенін
Қан майданда қырқысқанда.
Болған елдің астанасы
Ор бойында – Орынборда.
Қазақ деген көштің басы
Біраз уақыт болған сонда.
Ел-жұртына таныта алған
Алашорда парасатын.
Одан кейін Семей алған,
Таңдап қойып Алаш атын.
Жақсы үміттер көктей солды,
Болды бөгет талай жолда.
Астанаға қоңыс болды
Ақ күрішті Қызылорда.
Əр қоңыстың, əрбір судың
Болады екен өз биігі,
Жер жəннаты Жетісудың
Алматы ғой жерұйығы.
Ұлар ұшқан Ұлытаудың
Атағындай айбын керек.
Алтай, Көкше, Атыраудың
Əрқайсының орны бөлек.
Біткен кезде жаңа ғасыр
Арылайық ескі дерттен.
Келер түбі заман асыл
Ажар-көркі жан тебіренткен.
Бұл замнның келген ізі
Қазағымның бас қаласы.
Келешектің жарқын жүзі
Кең даланың астанасы.
Жерде талай ат ойнаған,
Таймасын тек бастан бақыт.
Азаматтар, атойлаңдар,
Алаш атын аспандатып.