Еркін елдің ақ ордасы
Көш-керуен Сарыарқаға сабылған күн,
Қарыны ақ түйенің жарылған күн.
Ақ туын Абылайдың көтергендей,
Астана болар күнді сағынған күн.
Болса да жол торабы алыс қандай,
Төсінде тоқсан тарау тоғысқандай.
Өкілі тоқсан ұлттың, бір-ақ жұрттың,
Өзіңе келіп бүгін табысқандай.
Сен жайлы жарасады не десек те,
Арқаның алқасына теңесек те,
Астана – əппақ арым, бақ-таланым,
Қараөткел – алтын көпір келешекке.
Астана – жер кіндігі, ел жүрегі,
Елімнің ет-бауыры елжіреді.
Үшінші мың жылдыққа алып шықшы,
Қабырғаң қайыспастан енді мені!
Бас тартса құлқын қамы, бас пайдадан,
Қазақтың қазанында ас қайнаған.
Бақ қонып,
Қыдыр дарып, əруақ жебеп,
Ниетің бола берсін досқа ойлаған.
Астана – зарды ұмытар заман басы,
Тотыдай тоқсан түрлі таранбашы.
Қырандай сыпырылған томағасы,
Бола бер еркін елдің ақ ордасы.