04.06.2022
  122


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БҰДАН БАСҚА НЕ ДЕЙІН...

Абзал аға,
Інің едім ізетті,
Əппақ арым намысымды қарауылдай күзетті.
Саған айтар сөзім көп-ті мылтықтайын оқтаулы,
Не айта алмай, не қайта алмай,
Талай қыс пен күз өтті.
Жетімдерін жетілер деп жебеген,
Халық қана қырағы көз, көреген.
Өз құлынын, бірақ, сыртқа теппеген,
Енесі де тебеген.
Еңкейіп жүрген қарияға таяқ болар деп ем мен,
Сынар аяқ мүгедекке аяқ болар деп ем мен.
Жүдеп жүрген жесірлерге таяныш болар деп ем мен,
Еңбектеген сəбилерге жаялық болар деп ем мен.
Бірақ, сенің шарап болып ішкенің,
Шіріп кеткір теміріңнен ғұмыр бойы түспедің.
Өзіңді өмірге əкелген,
төбесіне көтерген,
Туған елге, айтшы, сонда не жақсылық істедің?
Құдық қазып, шыңырауға түстің бе,
Мөлдір судан мейір қанып іштің бе,
Құба белге жасыл желек ектің бе,
Əлде анаңды арқалап ап Меккеге сапар шектің бе?!
Мұның бірі, мыңның бірі болған жоқ,
Суалған су арнасына толған жоқ.
Бағамын деп басқалардың ерінін,
Масақ толып, пісіп тұрған егінін
Диқандар да əлі күнге орған жоқ.
Ал бидайдың барар жері диірмен,
Тартқан ұннан нан пісіріп, піскен нанға май қосып,
Тойып жесем, арман жоқ.
Аға, саған не дейін?!
Тілеуші едім бай болса деп кедейім,
Жерім азып, тілім тозып жатса егер,
Жер баспай-ақ жүрейін,
Құрбан шалар еркек тоқтың мен болсам,
Оған-дағы көнейін.
Білем, саған бұл сөзімнің жетпесін,
Атқан оғым айдалаға кеткесін,
Бұдан басқа не дейін...





Пікір жазу