ҚАЗАҚ ЕЛІ
Адал болса қасымда жан-серігім,
Ақтармын деп ойлаймын ел сенімін,
Қаһарымнан қас дұшпан қаймығатын,
Мен, өйткені, Еділдің семсерімін.
Түспесін деп тілесем жатқа күнім,
Сескенбесем иісінен оқ-дəрінің.
Ата-баба қаны бар тамырымда,
Алпамыс пен Қобыланды шоқпарымын.
Айыратын ұлысы, ұрысы кім,
Берекесін сақтаған ұлысының,
Қаныпезер жауының мысын басқан,
Бейбарыс пен Сырымның қылышымын.
Қырау қонып үстіне кірпігімнің,
Аузын талай бітесем жыртығымның,
Қарсы келген дұшпанға кезелетін
Абылай мен Кененің мылтығымын.
Ақтарсам да елімнің қай ғасырын,
Сырын білсем дұшпанның айласының,
Қастасқанды түйрейтін қақ жүректен,
Наурызбай мен Есеттің найзасымын.
Тарих қалса астында белесімнің,
Не дайындап тұр екен келесі күн?!
Көздегенде мүлт кетпей тигізетін,
Исатай мен Махамбет жебесімін.
Ашып айтсам киесін қазағымның,
Бетіне айтсам бар мінін жазалының,
Суарылған бірде у, бірде балға,
Мен, өйткені, ақынның қаламымын.
Қазақ елі – түлікке өріс толған,
Қыдыр дарып, береке, ырыс қонған.
Асқар таулар, кең жазық, шалқар көлдер
Бабамызға ежелден қоңыс болған.
Қиқу салып ұлдары ат шаптырған,
Кесте тігіп қыздары, сырмақ сырған.
Жер атауы ерлікті əйгілеп тұр:
Орыскескен, Жауқашқан, Қалмаққырған.
Кездейсоқта бөріге талансақ та,
Қылыш – қында, жебелер – қорамсақта
Тұрғанда да қазағым айбынымен
Туған жерін қала алған аман сақтап.
Дұшпан келсе, сескеніп, шегінбеген,
Айтысқанда ешкімнен жеңілмеген,
Ұлтым менің ұйыған сүт секілді,
Сабасынан асса да төгілмеген.
Шүкір қылып, жоғалтпай қанағатын,
Көпшілікке білдірмей жаманатын,
Өліп бара жатса да, сағы сынбай,
Келешекке қалдырған аманатын.
Кейбір ұлттың бізден де бағы басым,
Өткен күнді кей кезде сағынасың.
Төкпей-шашпай қолға ұстап тұрсақ болды,
Елім менен жерімнің қазынасын.