ХХІ ҒАСЫР
Толқытып, толғантып жүректі
Үш жүз алпыс бес күн өтті.
Болып бірде ыстық, бірде ызғар
Айлар он екі түлепті.
Өмір көңілсіз демес ек,
Алға шақырды келешек.
Жолды ұзартқың келсе егер,
Өткен дəуренге бер есеп.
Игі мақсатқа жеттің бе,
Мақсат-мұратың көп мүлде.
Өтсін мағыналы көп күн де,
Кетсін армансыз көп түн де.
Күлкі мен көз жасы аралас
Ғасырды ғайбаттау жарамас.
Өткенге көп қылсаң өкініш,
Ішкен ас бойға да тарамас.
Жылжып сағаттың тіліндей
Мезгіл өтеді білінбей.
Атқан ақ таңдай жарқын күн,
Шықсын төріме күлімдей.
Мың жылдық асуға кəдімгі
Сүйретіп келемін тəнімді.
Ескі жыл, сен бізді есірке,
Жаңа жыл, жарылқа жанымды.
Өкпелі болсам да мен саған,
Досыңды үмітпен қарсы алам.
Ғасырым жоғалтпай асылын,
Шықсын төріме аңсаған.
ХХІ – ғұмырдың жалғасы,
Үзілмес өмірдің арнасы.
Иншалла!
Ақ сапар оң болсын,
Жақсыға бастасын жол басы.