04.06.2022
  121


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЖАС АҚЫНҒА КЕҢЕС

Қатар-қатар қаланғандай үй тасы,
Əр өлеңнің болу керек ұйқасы.
Жүрегіңді жарып шыққан əр сөзің
Болу керек құнарлы ойдың құйқасы.
Жырау айтқан əуендердей жырдағы,
Əр өлеңнің болу керек ырғағы.
Буын саны болу керек өлшеулі,
Өз орнында тұру керек бунағы.
Өлең шіркін он саусақтай қолдағы,
Жетем десең мақсатыңа алдағы,
Əрбір сөздің болу керек өз орны,
Əрбір жолдың болу керек салмағы.
Əр шумақтың болса дайын қалыбы,
Əрбір сөздің түсу керек жарығы.
Өлеңінің тұзы татып тұрса егер,
Көрінеді ақынның да дарыны.
Нағыз өлең – сұлулық пен үйлесім,
Оны оқырман қалай ғана сүймесін?!
Айналайын, сен де ендеше бүлдірме,
Абай бастап бара жатқан жыр көшін.





Пікір жазу