04.06.2022
  124


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЖЫР-ҚҰСЫМ

Үйімнен ұшып бір демде,
Шарықтап кеткен жыр-құсым,
Мен сені күтіп жүрмін бе,
Сен мені тосып жүрмісің?!
Құлақтың құрышын қандырып,
Көзімді салсам тоятын,
Ішімді оттай жандырып,
Сары майдай сақтап қоятын.
Ойымды жазып миыма,
Ызамды қосып ашыттым,
Салсаң да қандай қиынға,
Жыр-құсым, саған ғашықпын.
Қыран деп жала жаппайын,
Намыс пен ардан нəр алған,
Бұлбұл деп текке айтпайын,
Еріксіз торға қамалған.
Басымнан өтіп, жүректі
Қыздырған ыстық күндейсің,
Қаласам қандай тілекті,
Сырымды ұғып жүргейсің.
Аузымды ашсам, көмейден
Сорғалап шыққан құсым – жыр,
Ақыны жайлы не дейді ел,
Өзіме, кəне, түсіндір.
Бағалай білген сөзімді,
Айтпас ел күлді-көмеш деп,
Жұмамын жайлап көзімді,
Жұмақтың құсы елестеп.
Жұртшылық тегіс білсін де,
Жұмақтың құсы – жыр-құсым,
Мен сені күтіп жүрмін бе,
Сен мені тосып жүрмісің?!





Пікір жазу