04.06.2022
118
СӨЗДЕР
Арам сөздер бейне бір көміртегі,
Адал сөздер – оттегі, семіртеді.
Жақсы-жаман қасиет араласқан
Су секілді екен ғой өмір, тегі.
Өткір тілдің кетпейді бекер емі,
Жылы лебіз көңілді көтереді.
Кейбіреулер қатты айтқан жалғыз сөзге
Ғұмыр бойы өкпелеп өтер еді.
Біреулерге сөздер бар жараспайтын,
От басынан сөздер бар əрі аспайтын.
Ел ішінде дуалы ауыздар бар
Сырқатынды бойыңнан аластайтын.
Үміт күтіп отыр-ау далам менен,
Ақын болып, алаулап, жанам деп ем.
Туған жерім, ең асыл, қасиетті
Сақтап жүрмін бір сөзді саған деген...