Ақ қағаз туралы
Аспан нұры секілді алдымдағы ақ парақ.
Қайырайын қандай ой,
қандай сөзді қақпалап
алып келсем екен мен,
Қиналған бір кезімді суреттесем бе екен мен?
Саған, саған бейбіт жүз,
О, бейкүнә періштем,
айтсам ба екен сөзімді әлдекіммен керіскен?!
Қуып көрген емес ем жеке мақсат, жеке дау,
«Жеке» деген бір сөзден солқылдаған, шекем-ау...
Тағдырыңды тапсырып жатырсың сен әлі ақтай,
ақ төсекке жаңа енген, жауырыны қалақтай
бейкүнә жас қыз сын-ды,
қанмен жанып беті алау
ақ қағазға күн түссе – көз қариды екен-ау.
Не жазамыз сонымен?
Қиял, ойға азық тап,
бекітейік ол ойды идеямен қазықтап,
Оян, қиял, ең терең түкпірге ойды қозға бір,
ақ қағаздай күн түскен ол да, бәлкім, көз қарыр?!
Ақтарылып кетейік
Не жазамыз демей-ақ
жеңіл-жеңіл ұйқастың жетегінде желаяқ.
Оқыс тіркес, орал, кел,
естілші бір тың ырғақ,
алғаш сүйіске ұмсынған гүл ерні, діріл қақ.
Сөйтіп, көзім жасаурат
жон-арқамды шымырлат.
Шуақ керек, дейді Күн, –
Күн талабы – түбі ұлғат,
Керек дейді жас бояу жасыл жапырақ сыбырлап.
Шаттыққа араластырар керек деді бір індет,
домбыраның үстіңгі қоңыр ішегі дірілдеп,
Екпін керек! – езулеп ерсінді бір тасқын ақ,
Жатсын, – деді ол, жолында тау мүжіліп, тас құлап.
Тастар айтты, қайсарлық керек деді сұрлана,
аспан айтты кеңістік керек деді жырға да.
Орман айтты кешқұрым кер-самалмен мылжыңдап:
Уақыт қана шеше алар керек деді бір жұмбақ.
Теңіз айтты: өлеңге тереңдік бер, тереңде,
топырақ айтты: алдымен салмақ керек өлеңге!
Талап қойды бәрі-бәрі бұлақ, тоғай, қырқа, алап,
көтерілді көң мен күл –
Қойды олар да бір талап:
Гүл сасиды сөзі деп сөгіп бітті көң мені,
көңнің иісі қайда деп Күл мен көнбеді, көнбеді –
Жат тірлік деп жатырқап өздерінен өңгені,
«тазалады» көң мен күл отырған бөлмені:
Сен отырсың көнгелі,
Мен отырмын өлгелі!
Біреуін де ұқпадым – тыңдамадым,
Сол шақта-ақ
қаламымның көзінен жас төгілді моншақтап.
Қаламымның көз жасын босқа төгер жоқ әлім:
Қаталаған әр сөздің ерініне жағамын!
Асыл іздеп таппаса аңқау көңіл жоққа мәз,
аңқаулықпен барымды саған айттым, ақ қағаз.
Баяғы бір тіршілік:
беделге – жүк,
бетке – наз
жақсы, жаман сайысы,
бар менен жоқ,
Көп пен аз.
Сенікі емес Жер шары, ей, ақырын, ақырын
ар жағында мұхиттың бөлек тігіп шатырын,
Жаман ойлы біреулер жасап жатыр жат ырым,
адамзаттан аулақтап:
Мен соларға көп қарап,
тас жастанып, тал қажап –
пиғыл кештім қап-қара,
кінәладым кей күні кір жұқты деп мақтаны ақ.
Содан шығар, кезімде ақ сел болып қаптамақ,
мұрны сетік атан-сөз – сүйреп келдім ноқталап,
арық-тұрақ теңеуді айдап келдім қақпалап.
Пәктік қайдан болады – ойлағанға бақ, талап,
...ақ емессің сен де енді, ей, ақ парақ, ақ парақ!