МЕНІҢ ҚАҒБАМ
Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай,
Күнге жайған терідей сор қоршаған жағалай.
Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш,
Пайғамбарға көкке ұшқан теңеліп ем мен алғаш.
Шөңгелері табанға кіріп қалған кіршілдеп,
бозторғайы төбеде тұрып қалған шыр-шыр боп.
Боз жусанның демімен желпіп беріп тынысты,
көлбеп қалған белдері, аунап қалған құмы ыссы.
Тек менімен кетердей жұмыр саурын төңкере,
Көтеріле түскен де, қалып қойған сол төбе.
Ғайса пайғамбар Хақтан бұйрық алып,
сонда әлгі
Қанаты жоқ иығын – қос топшысын қомданды.
Ұшарында астына табанының тас салған...
Қанатсыз-ақ, деседі, ұшу содан басталған.
Хақ бұйрығы алдында қанат деген бұйым да,
қанатсыз-ақ, пайғамбар кетеді ұшып құйындап.
Ауырлығын Аллаға білдірмеуге тырысып,
қара тас та кетпек боп пайғамбармен бір ұшып
көтерілген орнынан,
Қырланғанмен ол надан,
қырлы тасқа ұшуға Хақтан бұйрық болмаған,
Көтерілген қалпында қалып қойған тас мәңгі...
Қағбаның базары, міне, содан басталды.
Күнәкарлар келгенде – бар күнә мен бар айып
тасқа көшіп,
тас содан кетеді екен қарайып.
Жұртты алдаған талайлар көкбеттігін мектеп қып,
Қашан да бар күнәсін өзгеге артар көкбеттік.
Шұбырады, деседі көп желмая, көп кеме –
Жығылады, деседі, күнәкарлар Меккеге.
Сенім!
Ғасырлар бойы сендірумен жұртты көп
Сол қара тас, айтады ел, көп рухты құртты деп.
Құдай емес сол көпті қуалаған Меккеге,
күдік, күмән айдаған қос бүйірден түрткілеп:
Ұнамаса әлдене «іші қуыс пендеге»
Күнә болып көрінген ағаттықтар әлдене.
Фудзияма тауындай жапондардың,
тас бейне,
тәубе таныр жер болған қарақшыға, қаскөйге.
Қиянатшыл қараулар «арылдық» деп күнәдан,
Хажы атанып, қайтып кеп қылмысымен де ұнаған.
Зорлық екен сорлыға – Қағба бар, қазы деп,
Қара тасқа иек артқан қатайғанда Хазірет.
Қамшылардың, астында тілдірсе көп жон таспа –
Көңілін басса байғұстың – қарғыс айтам сол тасқа!
Ал шын адал адамдар әлектенсе – шын әлек:
Сұлуларға қарауды ұғып қалып күнә деп,
«Күнә арқалап» фәниден барған шақта тарығып,
Қайтқаны үшін солар шын қайғысынан арылып
алғыс айтам ол тасқа,
ар, ұятты куә ғып,
тасты көрсе түсінде ел – тұрады екен қуанып.
Қара тасқа мың алғыс!
Тым құрыса түсінде
адамдарды күнәдан арылтқаны үшін де.
Иман емес, иланым,
Жаңа атты ғой мына таң
ештеңеге, ешкімге сенбейтіндерден гөрі,
Әйтеуір, бір сезімге сенгендерді ұнатам.
Қой, жоқ, жоққа сенбеймін – жоққа сенбек деп едім,
Сенімдерге емес мен,
Сенгендерге сенемін!
Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай,
Күнге кепкен терідей сор қоршаған жағалай.
Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш,
Пайғамбардай паң емес,–
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Өзіңді іздеп, тағдырым,
Өзіңді іздеп замандас.
Қасиетті Қағбама – әр жыл сайын аңсаған –
Хажы барған қарттардай соғып жүрем мен соған.
Менің Меккем – Қошалақ, ескі Мекен, сары жұрт,
Жылда барам «күнәмнан» қайту үшін арылып.
Қатысым сәл сиресе – жүрек тулар, жанып іш,
Жандырады ішіңді сары жалын сағыныш.
Түрлі қабақ көбейіп,
бұлт алса Алатау түрлі,
Қошалаққа бір барып басып қайтам мауқымды.
Мен барғанда алыстан қуанамын, сонда аса
Көлеңке етер сол дөңде дөңгелек бұлт болмаса:
Қараяды, десетін Мекке тасы тұл-адал
адам арқалаған көп ауыр-ауыр күнәдан.
Менің күнәм бірақ та – болса менде күнә, рас,–
туған жердің бетіне көлеңке боп құламас.
Күнә болса ғашықтық – ғашықтықтан жарылам,
жарылғандар, әдетте, жарылады ағынан.
Көңілім қалған сәттерде дос-жарандар жағынан,
ең тұрлаулы махаббат,
Сені, сені сағынам,
Қошалағым, о, менің қасиетті Қағбам!