ШАРТ
Қай хиссадан оқып ем,
Қай ауыздан естіп ем?
Әйтеуір, бір әңгіме келе жатқан ескіден.
Ескіліктен сәл алсаң үзіп-жұлып, тартқылап,
Сәл алғаның жаңаға сай келуі – шарт бірақ.
Қызықтырған аңыздың сақал-мұрты деме ескі,
Оқиғасы да емес-ті көлеңкесі көмескі –
Шыншылдығы аңыздың, демек, өміршеңдігі,
Судай жаңа сондықтан әңгіме де ендігі:
Ғашық бопты бір жігіт –
Ұйғыр, қазақ, қырғыз ба –
Сауырынан жарылған сыптығырлау бір қызға.
Қатал екен сол жігіт,
даласындай және кең,
бір берілсе, ит сынды шын берілер жан екен.
Махаббатқа әсіре ақ көз болыпты ғаламат,
ақ көздердің ісінің болады ғой көбі ағат:
тас қаласа биікке – ол өз басына домалап,
ерлігінің өзін жұрт кетеді екен табалап...
Қыз да сүйді жігітті,
Сүйгені сол – салды ауыз,
Себебі қыз шешесі – кемпір еді жалмауыз:
«Сына, – деді, қызына, –
Жігітіңді сынға ап бақ,
Қыңырлықтар арқылы құныңды бір қымбаттат.
Есі дұрыс жан ба екен –
ең алдымен соны аңғар,
Сүйе алмайды жан беріп ақылы бар адамдар:
Сүю деген – ессіздік,
тек ессізден күт қызық,
есі болса – алып бақ боза, шарап жұтқызып.
Сүйе ала ма сені шын?
Соны білсең – жеңісің,
Жеңісің сол: жігітің жанын қиса сен үшін.
Мимырт па екен езілген ми аралас бір батпақ,
Мөлдір болса – тұнығын лайлап бақ, былғап бақ.
Өз отына өтін өртеп жібер,
миын жақ,
біраз шарт қой, көңіліңе ішкі сырын түй қымбат,
Секемшілдеу жан болса – сенімін ап құйынға ат,
Сағымға бер салмағын,
Сомдықтарын тиындат,
сәби болса – тіліне желік уын құй ымдап,
байқа, қызым, шартты тек бірте-бірте қиындат.
Сенгіштердің ісінде пайда болып жүрмесін,
Көнбістердің ішінде айла болып жүрмесін,
Кетпе еркінсіп бірден тым –
есекті де ез біліп,
астарлап бақ айлаңды,
алма бірақ бездіріп!»
Сол-ақ екен, жігітке өзгерді қыз түр-өңі,
бір бозарып қатса ілез,
бір көгерді реңі.
Бірде ысқырса жебе боп,
бірде қанжар бір елі,
бала жылан боп бірде балағынан кіреді.
Бір домалап сілкініп жиырылса кірпі боп,
Шабынады бір аунап арыстан боп күркіреп.
Бір наз туды бір наздан, неткен есік құлпы көп?
Бір шарт туды бір шарттан,
бір тілектен – бір тілек,
Бір шартымен – қатайса,
бір назымен жібітті
Құмарлықтан шөліркеп, сорлы болған жігітті.
Тілек көбейген сайын ақырынан үміт қып,
Жігіт құрғыр бұп-бұлдыр,
Жарытпады біліп түк.
Ғашық еді себебі,
Көзі ағарып, шын кепкен –
аулақ еді сондықтан сезінбектен, білмектен.
Жармақ түгіл дұшпанын – жарытпады тілдеп те ол,
Жарық-сәуле көрмеді шын жанашыр бір беттен,
Көрші үйіне от қойды – қойды бірақ дүрмекпен,
басын кесті досының – кесті бірақ құрметпен!
Бедел ұшты ауылдан,
билік кетті ағадан,
туған жалғыз апасын шаштап жұлып сабады, ал!
Қиындады қыз шарты – шамадан тыс, шамадан –
алпыстағы әкесін алды бірде жағадан!
Жиям дегенше ел есін – қылмыс болды келесі,
Әсіресе, бір күйші,
бір жыраудың денесі
Қайғы салды маңайға;
Өрді өкініш өз әнін,
ал, жігітте – қылыш бар
Қызуы бар бозаның.
Бүлінді ауыл ақыр түп,
Жан түсінбей,
Жат үркіп,
Жігіт жинап біреу жүр,
біреу бақсы шақыртып,
Аруағы деп атаның атан сойды бақыртып.
Бәрі де үркіп қарады,
есік құлып-танады,
жалғыз жынды ауылды, әне, қырып барады.
Жындылықтың бәрінде болады бір тосындық:
Анасының төсіне қанжар ұрып – о, сұмдық! –
Суырып ап жүрегін,
Көк шыбыннан қызғанып,
Қымтай ұстап ақыры келе жатты қызға алып.
Қатал екен сол жігіт,
даласындай және кең
бір берілсе, ит сынды, шын берілер жан екен.
Ғашық еді себебі,
Көзі ағарып, шын кепкен –
аулақ еді сондықтан сезінбектен, білмектен:
Ауырсынды тек аздап, арқа еттері тау іркіп
алған сынды, жігіттің шаруасын қауырт, ұқ.
Ұқпағандар жүректі – жыртық жама, жауыр тік.
Қасіреті демесең – жүректе жоқ ауыр түк,
Жігіт бірақ сүрінді.
Жүрек сонда тіл қатты:
«Құлыным-ай, тізеңді алдың білем ауыртып!»
Жауыз болғанша – есер бол:
Есек мініп ешкі бақ.
Сонда жігіт жиды есін.
Кеш-кеш, әттең, кеш бірақ.
Көкшіл тұман айықты – көзін ашты жаңа бұл
ес кіргізген ессізге – жүрегі еді Ананың.
Бауыр түгіл көз жасын тыя алмады жау іркіп:
«Құлыным-ай, тізеңді алдың білем ауыртып!»
Неткен ыстық мейірім,
Неткен әсем үн еді,
Қуатымен сол үннің жігіт қатты күледі.
Жарып салды қызды ілез.
Сонсоң өзін...
Хал жаман:
Күллі сұмдықты үйреткен қыз шешесі
қалды аман.
Сақтан, күйеу балалар,
анада да бәле бар,
Кейде сұмдықтың өзін сұлулық деп бағалар.
Анада да ана бар –
бас кесерге бара-бар:
ақыл емес, қызына айла үйреткен аналар.
Ақыл айтам, айла емес,
Сүйгеніңді тез құлап
құрметтеп бақ, төзіп бақ,
ашық болсын көз бірақ.
Екеуінде де ананың бір-бір жүрек болған, ә,
Ұқсастығы болса егер –
Ұқсастығы сол ғана:
біреуіне қарайсың тебірене, толғана,
өз ұлы мен қызы үшін екеуі де болды Ана.
Айла үйреткен ананы, ей, қолдама, қолдама,
айла – ақыл болмайды.
Сен де түсін, жан-жарлар,
айлалардың түбінде, әйтеуір, бір қанжар бар.
Қылыш, қанжар – музейде,
қызғаныштан «қалжаң» бар,
Қазіргінің қанжары – ұрыс, керіс, жанжалдар.
Жанжал сұқпа жүрекке!
Жай түсіріп төбеден,
Жалтылдатсаң жанжалды – қанжар емей не деп ең,
Сол да ана жүрегін жарған емей не деп ең!
Шаш орнына жал бітіп,
Қарайсың-ау біріне қанжарсыз-ақ долдана,
Күйеуіңнің анасын қыңыр сөздей қаңғытып,
Қуып шықсаң түрткілеп,
Көсеу етіп тіл ұшын,
Көлгір күлкі, көзіңнің мөлдірлігі құрысын!