04.06.2022
  94


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚЫРАН

Үлгі-өнеге болсын дей ме артқыға:
– Қара шыңнан қарғып ұшып қарт қыран,
Шырқау көкке шығады екен өлерде,
Содан өзін тастайды екен төменге.
Қорлана ма,
Қорқа ма екен тегінде ол
ауырып-азып,
төзіп өлген өлімнен?
Ескі арбаға шиқылдау да сый-бақыт,
Күн кешеді майлаттырып, сыйлатып.
Ал қырандар тозбас үшін арбаша
Өзін-өзі тастайды екен қиратып.
– Сұрап алған ғұмыр емес шала бақсы – шайқыдан,
Қайсар қара,
айт, айта түс, айқын ән,
айтарыңды ағыл-тегіл айтып ал, –
Қара желге қарсы ұш, қанат, қайқылан!
жұрт көңіліне аяушылық тастарда
болмайық тек ойбай салар ескі арба,
Көкірегіңе ерек толар сыр аңса!
– Қырсықтардан жаратылған бағы бар
Өмір сүре білсек біздер қыранша,
Өлудің де бір есебі табылар...





Пікір жазу