ҚАНІШКЕН
Қанішкен-ай, Қанішкен,
Кімнің қанын ішіп едің?
Домалап
Шөпке тұнған ошақтарың
Жарылғалы тұрған бейне қағанақ.
Әй, обал-ақ, обал-ақ
Жақсы жерге қойылғаны жаман ат.
Түсінуге тырыстым,
ыждағатқа ындын сап –
қан басардай қауіптеніп тұрдым сақ.
Ұқсамайды топыраққа қан ішкен –
Топырағы мамық сынды жұп-жұмсақ.
Ей, Қанішкен, Қанішкен!
Құлағына жеткен біреу езуінің жыртығы:
– Ауылыңның атын айтшы? – деді маған бір күні.
– Қанішкен, – деп айтып салдым – Қанішкен!
– Аты жаман екен, – деді жаңағы.
Топырағына тартад деуші ед адамы,
Сен не ішесің?
Әй, Қанішкен, Қанішкен?!
– Ойнау деген – ойнау емес намыспен,
туған жерім, ауылымның сол аты –
маған ыстық қойнаулары, қолаты.
Сүйе алмайды туған жерін дәл мендей
әрқайсысы менен мықты он ақын! –
Әр әрпі шіреніп,
шықса да ашық сезім бұл
көкейімнен бір қуыстық сезіндім.
Мән бермеппін жер атына бұрын мен,
кездерім көп мән бермеудеп сүрінген.
Қанішкен боп неге аталған момын жер,
Неге қалды бұл жерден сол көңілдер?
Көңіл қалмаса егер мына даладан
Қанішкен деп ат та қоймас еді оған?!
Бір жағы – құм,
бір жағы – су, сондықтан
шөбі де ылғи жасыл десек, жас десек –
біреуге атар шойын-темір түгілі
табылмайды тас кесек.
Европалық жағажайға
бара-бар жер, бара-бар –
шөңге іздесең таба алмайсың жағадан
жалаң аяқ табаныңа қадалар.
Әлгі сөзден кейін мен
Сенбестікпен,
Секемшілдеу пейілмен,
Суыр қазған ін аузына қап-қара
қарап тұрдым шаңқай түсте сақтана.
Судыратпа құндырақты, жел, еспе –
баяғыдан бағы жер деп жүргенім
алыс, бөтен планета емес пе?
Кенет далам баяғыдан бері өскен
бу көтеріп айналды бір елеске.
– Қанішкен-ай, дедім сонда, Қанішкен,
Сен дегенде алып-ұштым Қанішкен,
Менің үшін мейірімдер мекені,
Неден,
қалай жаңылыстың, Қанішкен,
Кімнің ғана қанын іштің, Қанішкен?!
Атырау-теңіз күрсінгенге ұсады
алыс – азап, намыспен,
сонда, сонда естілді ауыр, алыс дем.
Жердің шашы тік тұрғанға ұсады –
тікірейді қоға, қияқ, қамыспен.
Тұзды көлдер быршып, тұнып ашыған
дауылсыз-ақ толқын атып тасыды, ал!
Күдірейе көтерілді сарышабдар
құмның жалы ақ шағылдар басынан.
Ақ қайыңдар шолпы таққан күмістен
әнге салды
даусымен сопрано-жіңішке ең.
Беліне ұрған жыландардай бір түрлі,
барлық жол кеп өткел аузына іркілді.
От ұшқындап томашадан, түбірден,
түтін шықты суыр қазған бір іннен.
Түйілді дөң бейне ашулы қас-қабақ;
Жасыл тіл боп қылт-жылт етті жас сабақ
боразданың ернінен түрілген:
– Өткен күндер бүгінгіден басқарақ,
Мына топырақ қазіргідей емес-ті,
Шөбің де онда темір-тікен боп өсті,
гүлдің өзі қан-жоса етті қолды көп,
шықтың өзі тұнбайтұғын мөлдіреп –
Шаңнан шық та ылайтты,
ол былай:
Көзден аққан жастың өзі болды лай.
Суыр інін толтырды лай су құлап,
Қорғасыннан ауыр,
Удан да улырақ
Су басқан-ды –
білдірмейді беті күлген батпақ-көл,
Қу, қу құмдар,
Мезгіл одан қу бірақ.
Қамыс, қоға былай деді судырап:
– Соның бәрі жауға қатер-сұс болып,
Жер – қорғанған құм-ернімен жымырлып,
тікендердің тістерімен тістеніп.
– Ей, Қанішкен – дедім төзбей, –
Қанішкен,
Сен деп жылда алып-ұштым, Қанішкен,
түнгі оқ құсап жанып ұштым, Қанішкен,
самғап жеткен сағынышпын, Қанішкен
айтшы, айтшы, Қанішкен,
Сонда кімнің қанын іштің, Қанішкен?
– Бәрінен де оңай, рас, түк білмеу,
одан да оңай
сауал бердім соған жауап күттім деу.
Талай тамыр... тарамыс қып қаусатқан,
бұл өлкені
Мен-менсінген кеуделердің даусы атқан,
Әділдіктен үміт етіп ер жортқан,
Көптігінен үміт етіп жау шапқан.
Қара қарға ән-жарыс қып бұлбұлмен
Ұпай алып жатты әрқайсы бір-бірден:
Онда да әділдік бар шығар кім білген?!
Былай деді қарақат пен бүлдірген:
– Бүлдіргендей түйілді дөң, талай бел,
Кекке пісіп қарақаттай қарайды ел.
Көк тәңірге көзін ашып кеткен-ді ер, –
ей, сөкпеңдер, тірілерді сөкпеңдер!
Жарайтын қол болмай жатты
күректер мен кетпенге.
Болды кездер жазда жалғыз жапырақ,
Жалғыз шыбық көктетпеген көктемдер,
Суды – су деп тым тасынып кетпеңдер,
Су орнына талай-талай қан жұтты
кенезесі кепкен жер.
Отын шабар қара балта – бас шапты,
Мола қазды арық қазар кетпендер.
Арғымақтың іскен шақта алқымы,
жараспады жақсыға
жамау құсап даңқ ұлы.
Қас болаттар қаңылтырдай қалқыды,
Жезге айналды алтыны.
Тұлпарлардың іздеріне қақ тұрып –
Сіңіп үлгере алмай жатты қан тұнып.
Тағдыр – қыңыр қашан да,
Мұқатуға шебер-ді,
Қырсықтардан өрді мықты көгенді,
сол көгенге көгендеді көп ерді.
Біз – қарақат: қаннан ғана қызардық,
Біз – бүлдірген: қанмен ғана көгердік!
Жел ырғайды бүлдіргенді шалғында,
Қарақатты шалғындағы,
Ал, мұнда
бір қарасам,
Қанішкеннің
тұр екем,
Қарақат көз бір қызының алдында.
Елес-көрініс ғайып болды кенеттен:
бірер жапырақ сыбдыр етті жел өпкен.
Бейбіт күннің бір белгісін ұқтырып,
жасыл шалғын жылт-жылт етті шық тұнып.
Суыр қазған ін аузында
жылжыған
бір жыланды жұтып жатыр бір жылан.
Табаныма батты әлдене, шегеге
ұқсамайды;
үш қыр масақ қадайтұғын жебеге:
Менің жерім жұмыртқа емес,
Жауға атар
Оқ пен жебе шайқай ма?!
Қоңыр үйрек судан шықты байпаңдап –
білем енді бағалай да, байқай да,
Кіді бастар, кесірленбе, қайқайма,
«Аты жаман» десе біреу жеріңнің
«Жақсы!» деймін,
айқайлаймын қай-қайда,
Қанішкен деп қайталаймын айқайлап!