03.06.2022
  109


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АРНАУ

Әңгімеңді бұзса жыр мен ән бұзып,
отырсаң-ау көңіл түлеп, қан қызып.
Хрустальдар сыңғыр қағып,
қойсаң-ау
досың саған, сен досыңа алғызып.
Омырауды ағыттырып салқын бақ,
сөйлессең-ау екі дос боп аңқылдап.
Ауық-ауық жылытылса тоңған ас,
күй шертіссең,
ауық-ауық ән тыңдап.
Төре екеу,
жыршы да екеу деп ұғып,
қойын дәптер ақтарыссаң төгіліп.
Ол – кешірсе сенің кешіргеніңді,
бас изесең ол ұққанды сен ұғып.
О, тіршілік!
Жетім шыбық мен бастан,
жел өтінде жырлап келем талмастан.
Көңіл қайтты күліп сөйлер жолдастан,
бір бармағы ішіндегі көп достан!
Желпінейік: алдыршы бір жарты арақ,
білесің ғой, бұ сабазың «тартады-ақ».
Кінәң бар ма – ашық көтерт, арқалат,
ал, менде сол адал көңіл, нар талап.
Сен де ашшы анау балконыңды, әйнекті,
шүкір, тыныш, ұрыс бітті, қайғы өтті.
Домбыра әкел!
Қалықтасын ән құстай,
бір кешімізді өткізейік аңдыспай.





Пікір жазу