НЕЙТРОН БЕЙНЕСІ
Қасіреттің тілін қалай дәл тапқан,
өмір жасап пальтолар мен қалпақтан –
о, ант атқан, ант атқан!
Мөлдір бұлақ бұрынғыдай сұп-сұйық,
шөп басынан шық қарайды сықсиып.
Тірі жан жоқ.
Тірі қапты пальтолар
отыр, әне, орындықта мықшиып.
Екі қолдың күшін еттім мен үнем,
ей, екі қол, қашан да сен жеңіп ең! –
Адамға адам қол беруден қап енді
бос пальтолар көрісе ме жеңімен?
Мүгедекті жеңін берген қол ғылып,
көрген сайын қалып жүрдік болдырып...
Жоқ, сенбеймін!
Ғылым емес жасаған
«Нейтронды» бомбы ғып.
«Зияны жоқ» қару ғой деп бұл тіпті,
жауыз ойын сөзбен майлап жылпытты.
Фугастарды доп қып ойнап ол енді,
қой баға ма таяқ етіп мылтықты?
Аулақ, аулақ!
Ұсақ қорлық, даң-дамай,
лас пиғылдың сыртын сырлап алдамай.
Жалғыз шының қирамасын, адамзат,
бер, дейсің ғой, киіміңді қандамай?!
О, болмайды мұндай «емнің» даруы,
бұ ғасырдың қайғысы бар, бар уы –
жетіп жатыр қан шығармас қаруы...
одан да ақтап үйренейік тарыны!