03.06.2022
  111


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЕКІ КӨРІНІС

Сирек бұлттар алалап қырат, қырды,
бір көлеңке, бір шуақ лақтырды.
Әр сыбысқа жапырақ құлақ түрді,
бұрғы-құйын бір дөңге шаншылып ап
бұрап тұрды бұрқырап, бұрап тұрды.
Бұрап жатты бір жиын бір авторды,
салды да айдап бульдозер, тракторды –
жаңа жазған кітабын құлаттырды.
Ал, далада қаскүнем құйын мәз боп
қаңбақ-бөркін аспанға лақтырды.
Ұрылмаған бір тұмсық тапты-дағы,
бір авторды төпелеп жатты бәрі;
(автор бірақ жастығын ап құлады...)
Тренері атақты жас боксшы
тегін жатқан тұмсыққа жаттығады.
Мына сайтан, япыр-ай, қатты ұрады,
ұрған сайын алысқа лақтырады, –
көнек болған бетіңді қап қылады...
...Құйын ұрған баласын дала қарты
қара қойдың өтімен қақтырады.
Құйын келген сын-ды әлгі, даладағы,
көк өрім боп шулайды қала бағы.
Бір сөз өрбіп бір сөзден, балалады:
біреу боксер бүгінде,
біреу – құйын,
екеуі де қонбай жүр маған әлі.





Пікір жазу