03.06.2022
  98


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

БІРЖАН ТУҒАН ЖЕРДЕ

Шығандығы шыңдардың
Біржан әні секілді.
Алыс жатқан мұң бар бір –
жырлағаны секілді.
Бүлдіргендер бір түрлі
«Ханның асы» секілді.
Ақ қайыңдар үкілі
домбырасы секілді.
Жапырақтары аққудың
таранғаны секілді.
«Айна көлі» ақынның
адал жаны секілді.
Қыз аңдыған тал ұстап,
ісі бейпіл секілді.
Шідерлі аты алыста
кісінейтін секілді.
Ару қыздар көп еді –
таңдағаны секілді.
«Біз қартайдық», – дегені
алдағаны секілді.
Бурабай көл сырғыса
тамсанатын секілді.
Шертіп қалсаң сұр бұта
ән салатын секілді.
Тас өзегін жыр кернеп
тіліп тұрған секілді.
Біржан ағам бұл жерде
біліп туған секілді.





Пікір жазу