03.06.2022
89
АҚӨЗЕКТЕ АЙЛЫ КЕШ
«Ақөзектің» пәк жүзін жымыңдатып,
бұлт-бұлт етіп барады құлын батып.
Құлын батып барады.
Жас сұлудың
жауырынына кетіпті бұрым батып.
«Мына қазды қанатпай, шіркін атып
алсам-ау» деп, жүрегі бүлкіл атып
жігіт отыр, келіншек шай құяды
сүт орнына сып-сылдыр күлкі қатып.
Бұлт ойнайды аспанда түртіп Айды,
Ай астында боз бие шұрқырайды.
Құлын батып барады, ана-бие
шұрқырайды шақырып «бір құдайды».
Әзір ас жоқ, жас жігіт бір «тік қасық»
жаутаңдайды көз-ғашық кірпік басып.
Құлын мүше келіншек – шабақ болып
қармағымен ойнайды түртіп қашып.
Енді бір сәт... қарашы, құдіретті:
енесіне аман-сау құлын өтті.
Ит шәу етті, келіншек тұрды атылып,
жас қонақтың жүрегі шымыр өтті...