03.06.2022
100
АРИФМЕТИКА
Екі қол еді – бір-бірімен алысты,
екі жүйке бір-бірін жеп тауысты.
Қос табақша,
екі қасық... сән ұшты
қосылғанда үшінші бір шанышқы.
Үшіншінің аруағы асып тұр.
Қос шыңды бұлт баса-баса жасытты.
Ырысы ма сол үшінші қасықтың –
екі қасық бір-біріне у шашыпты.
Екі ғашық – екі қабақ тырысып,
бірі кетті өсек қуып, бірі ішіп,
Батыр жырым, осы айқастан тірі шық,
сенің дағы берекетің жүр ұшып.
Ұсақ тірлік, ей, құрышы, құрышы,
аяқ-табақ аралаған жыр ісі...
Бәрі екеуден кеп жатса ғой дұрысы,
төртеу болсын тек бөлменің бұрышы.