ӨМІРБАЯН
Асықты адам –
тамыр теуіп тасып қан,
тағатсыз ғып,
қанатсыздық жасытқан.
Асыққан ол тұз алуға көршіден,
кешкі ауылдан қыз аулауға асыққан.
Мақсұт – алыс,
ажал – жақын,
жоқ қанат –
сары атанды мінді бір күн ноқталап.
Бел үзілді,
тақым талды,
талды көз
аспандағы ұшқан құсқа көп қарап.
Кесек тасты жұдырық қып лақтырып,
қапылыста қол қуатын қапты ұғып...
Ұшқан құсқа қайран қалып,
қан қызып,
қарап тұрды, бір күндері, ат мініп.
Алыс күнге түсті жаңа баспалдақ
доңғалақтың сырын алғаш ашқанда-ақ.
Арба мініп қарады адам шалқалап
тағы да сол ұшқан құсқа аспандап.
Ойдан қиял тудырғанда ол көп өңдеп,
құс та қалған секілденді төмендеп.
Поез мініп қарады адам бір күні
әлі де сол аспан жаққа елеңдеп.
Шөп сыбырлап,
жел ескенмен, гүл қалғып,
Жылдамдық боп жылдан озып жылды алдық.
Бір сағатқа сыйды айшылық сапарың...
бұ да, ақыры, қажытты деп бұлдандық.
О, жылдамдық!
Жыл барады сырғанап
сабырлар мен салмақтарды ұрлап ап.
Біз аспанға көп қарап ек,
енді аспан
жұлдыз-көзбен бізге таң боп тұр қарап.