03.06.2022
103
ҚУАҢШЫЛЫҚ
Ыстық құмды жебелеп
соғады жел бір тынбай.
Ақселеу мен ебелек
Шылымшының мұртындай.
Сараң дана, аспан-ау,
саған ғана сөз ғап тұр.
Бота ма анау, басқа ма-ау –
боз жыңғыл боп боздап тұр.
Бие-құм жоқ бусанған,
жетім құлын құм қапты.
Әлдебіреу жусанға
иод төгіп былғапты.
Ып-ыстық шаң жол, аңғар,
шидің түбі ыздиып.
Шіриді деп сораңға
қойған сын-ды тұз құйып.
Әй, састым-ау, састым ал,
менсіз бір жұт болыпты.
Әр қабақтың астынан
қурай сыңсып жолықты.
Қияғы жылап қарлығып,
қаңбағы босып, апыр-ау,
Қошалағым бар мұңын
маған шағып жатыр-ау.
Шырылдайсың баладай,
мен үлкен боп не білем.
Мен де саған, далам-ай,
мұң шағуға келіп ем...