03.06.2022
  108


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ШЕГІНІС

Қошалақ құм маңдайында Күн тұрды,
қабағыңда сенің жұмбақ мұң тұрды –
Сол екеуін салыстырып қарап ем,
жаным менің үркіп қалды бір түрлі.
Қошалақ тау қабағында бұлт тұрды –
біздің үйге бұлттай мұңды жұрт кірді.
Мақалдады сақалдары ауылдың –
көздің жасын кірлі жеңмен сүрттірді.
Ол бір күндер құмды өңірдің бар малын
сен бағатын секілді едің.
зарладың:
дала – шексіз,
бала – қыңыр,
мал – асау,
бәрін қосып «жетімек» деп қарғадың.
Маған, маған...
бауырында кешкі бұлттың
өз атыңды неге ғана естірттің?!
Қамқор түрлі...
қорлық түрлі, түрлі адам –
сабақ болды дей алмаймын бұл маған.
Жесірлігің бұлдасаң сен,
мен де, анам,
«жетім» дегенді естідім деп бұлданам.





Пікір жазу