03.06.2022
  107


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ПЕТЕФИ

Қайда, дедім, Петефидің моласы –
Мадьяр дос танданғаннан ұқпай түк,
жыпық қаққан жанарымен бітті айтып
тарихтың бетінде жоқ бір сырды;
сонсоң маған аяй қарап күрсінді.
Тілім тістеп қалдым мен де,
ондайды
сұрақ етіп қойған кісі оңбайды.
шын ақында мола деген болмайды.
Болмайды, деп жуып-шайдым, жырда өлім,
Бұлақ сүтін ақтарғанда тау-ана
жерленді ақын таудан аққан ауаға.
Самал желге жерленді ақын дем берген,
ең бір мықты шумағына жерленді ол.
Ашқаны үшін Шындық атты көмбені
аспан өзі күн шуақпен көмді оны.
Бұл өлімге Ел, сондықтан да, сенбеді.
Мына жасыл, жапырақтар жап-жасыл
жасап тұр ғой сол өмірдің жалғасын,
суық жерге тигізбей жыр жамбасын
халық өзі аңызға орап алғасын;
ақындарда мола содан болмайды.
Мола деген немене өзі?
жай ұғым,
ет, сүйекке жасалған жай қайырым.
Тірі көзден жасыру ғой тек қана
табиғаттың «өлім» атты айыбын.
Күй – көңілден,
гүл – еріннен туады,
палуанды Ел білегімен туады,
батырын Ел тілегімен туады,
ал, ақынды – жүрегімен туады.
Шын ақында мола содан болмайды





Пікір жазу