03.06.2022
106
ОҚЖЕТПЕС
Шын биікке немене –
шаншылып-ақ кеткен тік.
Біреу-міреу төбеме
шығып қояр деп қорқып.
О, түсінем, түсінем
өскендерді аспандап:
шығам деген кісіге
қалдырмайды баспалдақ.
Қалған білем кәрі боп,
құпия сыр түйіп көп:
аласаның бәріне
ерегесіп биік боп.
Мыңғыр етпей мың жылға,
тұр ол солай қасқиып.
Айна-басы бір жұмбақ,
айналасы – тас-түйін.
Қамшылатпас құр аттың
құлағындай қиық боп.
Ішін төбе-қыраттың
күйдіруге биік боп.
Іштен тынып күйіп тек
Біржан әнін айттым мен.
Қарай-қарай биікке
аласарып қайттым мен.