03.06.2022
119
САРАЙ МЕН ТҮРМЕ
Чили-сарай көк тірейді, есебі:
Чили-түрме жер астында деседі.
Шаңқан-аспан, шалқайғаның не сенің –
Хунта-үкімет қалтырап күн кешеді.
Судан үркіп, шыңға қарай көлбеген
көп қабатты үй екен ол ел деген:
бір қабаты – қан шеңгелді үкімет,
бір қабаты – халық, соған көнбеген.
Бір қабаты бір қабатын жеңгенде
қарауытып жүре берді ел демде.
Болмайды екен, көнбейді екен ем-дөмге
үкімет пен халық қарсы келгенде.
Зұлымдық пен Гитлерге сыйынған
қара үкімет... оның халі – қиын хал.
Отыр Хунта үрей-бөшке үстінде
Оқ пен ыза, бензин мен кек құйылған.