03.06.2022
91
ТАҒЫ ДА НАН ТУРАЛЫ
Нан көп дейсің, осы сөздің обалы
екеуміздің мойнымызда болады.
Анау кезде ашыққаның жоқ есте,
көп дегенің – масыққаның емес пе?!
Нан көп деген сөз бола ма, досым-ау,
көп ауызы бар халыққа осынау
Нанды көп деу – бір басыңа мың айып,
жамандықты ғана көп деу лайық.
Мейлің, мейлі, «ақылшы» ата, сөк мені –
көп бола ма таңның шығы шөптегі,
көп бола ма жаңбыр жауып өткені,
күннің нұры көп бола ма көктегі?!
Тегін татқан нанымды айтсам, ағайын,
осы менің нан таппаған бар айым.
Наным көп деп сөйлегенше шалықтап,
қолыңдағы кімнің наны – анықта.
Үзім нанда – тағдырлар бар, табан бар,
жан-терің бар, айналайын адамдар –
тоқпыз содан. Басқаша айту маған да ар,
Нан көп дейді нанын ақтамағандар...