03.06.2022
  92


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ТАС БАЛЛАДА

Бір дөңбек тас қаланың дөң бетінде,
бір ана бар Сантьяго шетінде.
Тек тас емес, түйсіне алар бар әлі,
тек ана емес, жесір әйел қаралы.
Ері өлгелі со бір түнгі айқаста
Жесір ылғи келеді екен қойтасқа.
Ымырт сайын шағады екен зар-мұңын,
ал, әлгі тас жұтады екен барлығын.
Содан ол тас түнде – қара, күндіз – ақ.
Әр кез көрген жұрт дауласып жүрді ұзақ;
– Қара,– деді кеште көрген бір адам,
– Жоқ, ақ – деді таңда көрген бір адам,
– Жолақ!– деді пәк адамдар күнәдан.
Жесір жеңіл қайтқан сайын,
бар айып
тасқа сіңіп, қалады екен қарайып.
Түні бойы түнеріп тас өртенген,
ағарады екен қайта ертеңмен.
...Сол бір түні келді жесір соңғы рет,
тасқа шақты мұңын тағы мөлдіреп.
Күңіренді-ау сонда орман, тау маңы,
тау басында бұлт та ыңырсып аунады.
Маңай зарлап аза жырын бастатты...
ертесіне қақ айрылып тас жатты.
Дәл со мезгіл әлдекімдер көріпті
тас жанында қара киген өлікті.
Нақ осымен жыр да тәмәм болыпты.





Пікір жазу