03.06.2022
  153


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Күн -ана

Ей, Күн – ана, аспа бесік – Жерді осы
ақырындап, ақырындап тербеші:
ғашықтардың бұзылмасын бір кеші,
сәбилерді оятып ап жүрмеші.
Тастар шошып,
Оянбасын жел үркіп,
Мұхиттарды ала көрме еліртіп.
Көк бүртіктер бұта бойлап өрлесін,
шық көздері ағып түсе көрмесін...
Бесіктегі сәби сын-ды бұ тірлік,
Келеді өсіп, уа, шүкірлік, шүкірлік!
Төгілгенде бейбіт Күннің шуағы
бейбіт жерден жөргек исі шығады.
Алтын сәуле – миллиардтаған алтын жіп,
сол жіптерден ұстап алға талпындық:
өмір жібі үзілмейді мәңгілік!
Жарқ еткенде көңіл шіркін – ән салам,
саламын мен бір сіріңкем жанса да ән.
Жарығыңды жатып ішіп тамсанам,
Иә, Күн-ана!
Ақ сүтіңді емген ұлың сықылды
Қарыздармын мен саған.
Бұлбұл түгіл, ей, Күн-ана, тіршілік,
сайраттың-ау шегірткеңді жыршы ғып...





Пікір жазу