03.06.2022
  106


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

МАХАББАТ ПЕН ҚАРА ТАС

Махаббат деп бастасаң – елең қағып құлағы
Жұрттың бәрі қыз жайлы жыр екен деп ұғады.
Бояу да көп бұл сөзде,
Мағына бар әр басқа
Кемпір қосақ секілді сан құбылған, арбасқан.
Махаббаты Цезарьдің – биігі екен даңқтың;
Құлагерді Ақанның махаббаты деп ұқтым.
Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа – сол еменге
Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге.
Екі зәулім емен тұр.
Екі еменге сол ұлы,
Ұлы қария күн сайын жүреді екен жолығып;
Солқылдатып жүрегін қайғы емгенде бір арда,
ақыл-ойдың не бір тың шыңдарына шығарда,
Келген екен сол жерге сақалынан жас парлап
Анна жайлы ғажайып романын бастарда;
Тұрмыс тартып етектен,
Қиял шырқап аспанға, –
ақыл-ой мен ақшаның басын зорлап қосқанда;
Келеді екен сол жерге;
Мейірім тілеп тастан да,
Үй-ішінің бітпейтін дау-шарынан қашқанда.
Кей ағамыз жеңгейге өкпе артқанда балаша
«Жас иісі» секілді қауышатын оңаша,
Сол бір екі еменмен сыбдырға бай, сырға нық
Толстой да, деседі, жолығыпты ұрланып.
Мәңгі тозбас сезімге – тозбайтұғын зат шыдар –
Ең тұрақты махаббат, бәлкім, табиғат шығар?!
Қос кәрі емен тұр әлі.
Сол қос емен түбінде
Төңкерілген астаудай қабыр жатыр бүгінде.
Емендер тұр асқақтап!
Мылқау топырақ-қабыры,
Табиғаттың өзіндей әрі қатал, әрі ұлы –
ескерткіш жоқ,
Қорған жоқ,
Үйілген тек топырақ,
Құстар сайрап алыста, судырар тек жапырақ...
Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа – сол еменге
Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге:
Қос еменнің ұлы жан атын жайып әлемге
Ғашықтығын, кетіпті ол, қабірімен дәлелдеп.
Сүю үшін еменді – туу керек емен боп,
емендерге мен бір сәт қарап тұрдым елеңдеп:
Қос қара емен құпия жыр айтатын сықылды,
Сәл тыңдасаң жаныңды мұңайтатын сықылды,
Орыс төрі – осы жер!
Қалғандардың барлығы босағада сықылды,
№2-ші күзет осы арада сықылды...
Уа, ұлы жар – табиғат!
Ұлы анам да сен едің,
бояуын бер шыршаңның –
Сәл сарғайып келемін;
рухын бер бұл жердің,
Жұпарын бер гүлдердің –
бір шырқайын Тау әнін!
Саусағымен ауаның
Қара бұлтты ақ шыңға байлап қойып сауамын!
Сонда бурыл тасқынды ақтарармын мен-дағы,
Талқан болар бөгетің – қолдан қойған қорғаның;
Табиғаттың өзіндей,
дәл өзіндей болғалы
пісіп жатыр әзірге ой мен шабыт толғағы.
Ал, бүгінше талаппен «мен де болам» дегенде
Тәуәп етем басқалар егіп кеткен еменге.
Өз еменім – болады!
Қазіргі әнім – қиын ән,
Өзгелерге жете алмай өз көңілімде ұйыған.
Безген шақта һаярдың есебі бар сиынан,
Дала, саған сиынам!
Жерігенде жолдастан – көңілдердің қағынан,
Әділдіктің тағынан,
бұлбұлдардың бағынан;
бір қаталдық көргенде, адам, сенен тағы да
емен түгіл, мұң айтып қара тасқа шағынам...





Пікір жазу