03.06.2022
  101


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ПӘЛСАПА ТАСЫ

Жапырағыңды бер деп едім қайыңға,
Қайың айтты:
топырағыңды дайында!
Іс болды ешкім қолдамаған –
Күрек салдым, жер қатты екен, өтпеді,
Жер сөйледі сонда маған:
Сұрап алған сұлулыққа топырағым жоқ,– деді.
Қызыл гүлге жұпарыңды бер деп ем,
тербел, деді ол, мен секілді желменен.
Ойлама ақыл, ашу, амал түк қайғы,
ал, әйтпесе қағаз сорған сұрқыңа
Исім түгіл, бояуым да жұқпайды.
Пәлсапаңды бер деп едім көк тасқа,
Қанағатты да ойла, деді ол, оқтаста:
дүниедегі жақсылықтың бәр-бәрін
Мен ғана иемденсем деген арманың
іске аспайды,
болам дедің – болмадың,
Өйткені сен табиғатты қорладың!
Барлық байлық, бар қасиет, бар асыл
табиғатта ғана тапқан жарасым;
табиғатқа ғана бәрі жарасар,
кім едің сен табиғаттан әрі асар!
Осыны айтып жатып қалды тас үнсіз,
Құрысын, дедім, армансыз күн – асылсыз.
Тас, содан соң, тасқа айналды мәңгі өлі.
Маған тастың пәлсапасынан гөрі,
Жапырақ, гүлдің сыбдыр-үні ұнады.
Жоқ-жоқ, ойдың аяғы емес бұл әлі:
ғашық болған сұлуларым толы арба,
Күйіп-жанып сүймеп едім мен кімді –
тас секілді басты көбі көңілімді,
Сүю – қорлау боп көрінді оларға.





Пікір жазу