03.06.2022
  143


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

САҢЫРАУ МЕН СОҚЫР

Қошалақта,
Сол баяғы біздің ата-мекенде
бір соқыр мен бір саңырау сапар шыққан екен де.
Соқыр айтты саңырауға:
– Жол қысқартып жолдасқа
Көзің сау ғой – көргеніңді айта жүрсең болмас па.
Көңілімізді сөзбен жалғап,
Күліп-ойнап жүрмесек
Ұзақ жолда кешкен тірлік-тозағыңмен бірге есеп. –
Саңырау, әттең, саңырау ғой,
Құлағы жоқ болғасын
Көкірегі күдікшілдеу – түсінбеді жолдасын.
Жүзі дауыл алдындағы аспанға ұсап құбылды,
Құбылды да серігінің жүзіне құр үңілді.
Қимылдаған ерініне қырсыға бір қарады,
бұл қараста – астам пиғыл,
қорлану да бар әрі:
Соқыр-дағы жолдасының әлем-тапырақ түс-өңін
Көре алған жоқ,
Жайбарақат сөзін жалғай түседі:
– Қара жолда қайрат берер оқиғасы өжет, шын,
Өтірік те болса, шіркін, әңгімеге не жетсін! –
деп күрсінді соқыр байғұс,
Саңырауға – жетпеді,
Көкірегіне әлдене ой өшпенділік құйды ұлы,
Өйткені оның адам жайлы нашар еді пиғылы.
– Сөйлегенің – қорлағаның
естімейді деп мені,
Көлгірлік қой жатқан күліп анау жылтыр беттегі, –
естімеймін ерегесіп!
Құны болса сөзіңнің
айдалаға айтасың ба?
Көрмеген соң көзің дым,
Жарты әлемге жауығасың – сезіндім.
Ақымақтың ақыл-есі ауызында деп күлген
дүрмегіне ілесемін көптің мен!
Саңырауға күлу сенің неңді алған
Саңылау таппай жүріп жалпақ жалғаннан?!
Соқыр біраз көрді ақталып,
Одан сайын қызды анау,
Қызу сөзді есер айтса – мүмкін бе екен мұздамау,
Соқыр әлгі сөздің бәрін түгел естіп болғасын,
Сипап жүріп жағасынан ұстап алды жолдасын.
Содан кейін не болады?
Кикілжіңнің аяғы:
аталардан қалған мұра – төбелес қой баяғы.
Қай кезде де кем-тарлыққа күлетін жұрт көп емес,
Күлкі қайдан болушы еді жүрген жерде төбелес?!
– Көрем сені! – деді соқыр,
– Естіп тұрмын! – деді анау.
Түк жазығы жоқ жаға мен жең байғұсқа обал-ау!..
Бірін-бірі сақалдан ап санасуы мықты еді,
бірақ одан анаған – көз,
бұған құлақ бітпеді.
Ұғыспаған екі адамның қасіреті мәңгілік –
Құм-далаға сіңіп жатты жаңғырып...
Ескі жайға сүйеп айтқан бұл жаңаша кеңес қой,
Мәселе тек көз, құлақта емес қой:
Бетховеннің кереңдігі,
Соқырлығы Гомердің...
Кешір, кешір, кешір мені ұлы рухы өнердің!
Тек кей жанар жарқырайды түк көрмей.
Кейбір құлақ өсек үшін біткендей.
Көз де тілегенім жоқ,
Тілемедім құлақ та –
Көңіліммен күзгі аспандай мұңайған,
Жаны зерек, көкейі сау бірақ та
Жалғыз серік сұрап едім «құдайдан»,
Қол – жағадан,
ауыз кеппей «тобадан»,
бір сапарға мен де шыққам жаңадан:
ерінімнің қимылына қарайды жұрт, қарайды,
Қарайды да өшігеді көп адам –
Әлде өмірде,
Әлде осынау өнерде
Қарау пиғыл ойладым ба мен емге?
Әлде мен де сөзін айтып соқырдың
Саңырауларды босқа қинап келем бе?!





Пікір жазу