03.06.2022
  106


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ТОҒАЙ ЕРТЕГІСІ

– Жемсау бар ма бұлбұлда? –
Сонау-сонау өтіп кеткен жылдарда
бір қарғадан сұрап жатты бір қарға:
Қара қарға сұрады ала қарғадан,
ала қарға сұрады ұзақ қарғадан.
Бар есуас қанат қақты қарға боп,
Қарға болып қарқылдады бар надан:
– Жемсау бар ма бұлбұлда? –
Сауалға осы жауап іздеп бәр-бәрі,
тоғай кезді, көң-қоқырды шарлады –
таппады ақыр,
қарға шоқып қарғаны,
бірін-бірі қарғасың деп қорлады.
Бірін-бірі қарғасың деп қорлаған,
бірін-бірі жорғасың деп арбаған,
қарға ақылды бола ала ма қарғадан,
қарға қайдан озушы еді қарғадан!
– Жемсау бар ма бұлбұлда?
– Бар! – деп қалды әлдекімнің дауысы,
– Бар! Бар! – десті жаңғырығып тау іші.
Шулап кетті орман, дала: «бар», да «бар»,
Бар! Бар! десіп қарқылдасты қарғалар.
Қуаныштан бүйір бүлкіп, ет қызды:
Қара қарға – ұзақтарға жеткізді,
Ұзақ қарға қуантты ала қарғаны,
«бар! «бар!» десіп шуылдасты бәр-бәрі.
Бұлбұлдардың тегі – өнер ғой, ал, осы
қайдан шықты жемсау деген «бәлесі?»
«бар!» «бар!» десіп «бар» да «бар» –
Неге мұнша қуанады қарғалар?
Бұл сұраққа жауап беру жеп-жеңіл,
Осал жері бұлбұлдар мен пенденің:
Жемсау! (Қарын!)
Егер бұлбұл бітеу болса, бір үміт
Үзілер ме еді, қарғалар
Қарқылдауды қояр ма еді түңіліп?!
Ал, жемсау бар.
Онда не тұр? Қатқан іш
Жібімейді – тағдырлар тым жатты алыс.
Бірақ, бірақ, титтей болсын, бұлбұлдың
Қарғаларға ұқсағаны – мақтаныш!
«Бар», «Барр!» дейді қарға біткен
тоғайдағы, түздегі,
«Қар», «Қарр!» болып естіледі бізге бұл.
Кещелер ғой түсінбейтін ым-дымға
Қарға жұрты түсті сөйтіп дырдуға.
Әттең бірақ...
Қарғалардың білмегені-ақ жақсы еді
Жемсау барын бұлбұлда.





Пікір жазу