03.06.2022
  139


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ШАҢЫРАҚ

«Шын жыласа адамдар
Соқыр көзден жас шығады» деген бар.
Ал, өз басым жылағанын әйнектің
Көрдім – соны өлең еттім, қайғы еттім.
Жылағанын соқыр көзден гөрі оның
Әлі күнге әсерлірек көремін:
Жар орнында – мамық жастық секілді,
бала орнында – бауырластық секілді,
Үйі орнында – күрке қалған секілді,
шамы орнында – білте қалған секілді,
Кеме орнында – жаңқа қалған секілді,
Кеуде орнында – қаңқа қалған секілді,
Ер орнында – кеудіреген шал қалды...
Жарық бітіп, жылу ғана қалған-ды;
аяғы жоқ – ағаш еді аяғы,
бәрін бір-ақ айырбастап жіберген
Соғыс! Соғыс баяғы.
Өзге түгіл екі көздің орнында
Әйнек еді сол даңқты сорлыңда
екі шыны түйме сын-ды ед бұ-дағы.
Бір күні сол екі түйме жылады.
Мүгедектік – соғыс салған күйді әйгі
Талай шерттім,
жаздым талай үй жайлы.
Мені бүгін басқа бір жай қинайды.
Шалдың бір күн әскердегі келді ұлы,
Мерзімінен бұрын келсе – кемдігі:
Төрт башайын шауып апты, ақпанда
Казармада отын жарып жатқанда.
Көршілердің сөздерінен көмескі,
еңк-еңк етіп жылады қарт соны естіп.
Шошындым мен әйнек-көзден, расында,
Әйнек-көздің жас төккені қасында,
табыттағы өлік төксе көз жасын,
шімірікпес едім мұнша өз басым.
Әйнек көзден жас шығады дегенге
Сенбес едім, сенбес едім мен емге,
Сенбес едім, өз көзіммен көрмесем –
Қоспас едім өзім оқыр өлеңге!
Тұңғыш мәрте тағдырына шағына
Сонда қария былай деді тағы да:
«Менің әкем армандауға мықты еді, –
шаңырағына бір сау еркек бітпеді».
Жетпей алғаш бұл сөздегі мағына,
Көп ауызға қарадым мен аңыра.
(Қартқа деген шын ниетін білдіріп,
Мырс-мырс етіп сырт айналып күлді жұрт)
Сөйтсем, шалдың әкесі де жат қолдан,
О дүниеге мүгедек боп аттанған
(Жо-жоқ, ол да тірі қалған жарадан,
одан соң да көп ерлікке жараған,
Қатерлерден аман өтіп не мықты
«ТОЗ» жылдары жастығынан өліпті):
Көріп Қызыл Ту көтеріп жүргенін
ақ бандылар шауып кеткен бір қолын;
Сонда да оның мылтық ұстап жүргенін
Сезіп қалып, тағы шапқан бір қолын,
«Кезек енді басыңдікі» деп күліп,
Қылыш қанын күнге тосып кептіріп
Тұрған шақта сол жеңіске солықтап –
Құтқарыпты біздің әскер келіп қап...
Ал, өзі ше?
Соғыс жылы аты әйгі
Жігіт; енді ел мүгедек деп атайды.
Жау жеңілді – ұғым келді жаңа бір:
Мүгедектер! Жеңген ерлер, осы атпен
пенсия алар тізімдерде ғана жүр.
Көктеменің мұзы сын-ды бұ да ерек,
Өз-өзінен шөге бермек, жүдемек:
Мүгедектің әкесі де – мүгедек,
Мүгедектің баласы да – мүгедек,
Осы ма еді жеңісінен күткені?
«Шаңырағына бір сау еркек бітпеді».
Неге ғана ойлады ол бұл ойды?
Неге, неге әйнек көздер жылайды?
Ұлы аман ғой, төрт бәшайдың жоқтығы
Қайғы ма екен, әлде, қарын тоқтығы? –
Осыны ойлап тұр ем көңлім дүрлігіп,
«дармоед» деп күңкілдеді бір жігіт.
Таң қалдырып бұл сөздегі мағына
айналама қарадым мен аңыра,
Түсінуші ем, кешіруші ем мен бәрін –
Осы жолы адам, Адам болмадың! –
Көргенсіздік! Мына ел неткен оңбаған:
бір ауылға сиған мұнша мол надан –
бәрі-бәрі күле қарап әлгіге
қоштап тұрды;
Міне, саған әңгіме!
Баяғыда жаттығып ем бірер күн:
Тұмсық тұсы осы-ау дедім бұл «ердің», –
Тұңғыш мәрте қарамадым шамама,
Әлгі ауызға салып келіп жібердім.
Бір келіншек ұстай алды жеңімнен:
– Селодағы бір шайкінің көсемі...
– Бүйтіп оқығаным құрсын! – дедім мен,
ерлігімнің жеткен жері осы еді.
Амал қанша, тұғырында даңқтың
жұдырығын жұмсағандар қалып тұр!
«Дармоед» деу қас батырдың өзін де
денсаулығы шығар, бәлкім, халықтың?!
Жо-жоқ, дедім, саулық емес дәл осы,
Керісінше, аурулықтың бәлесі.
...Біреу айтты
«Таяқ жеген әлгі адам
түсіп еді жеке меншік «Волгадан».
«Волгасы» бар дүкеншінің ұлы екен!
Жырым, сені енді қайда түнетем?!
О, ұғымдар, түсініктер, көп күлген,
Құтылмадым, қайда барсам, тепкіңнен!
Шыдамадым! Шыдамадым!
Шыдамай
дәптеріме жолдар жаздым мынадай:
Бақыт құсын асырадық кептер ғып,
бұл – тағдырдың бізге берген сыйы нақ.
Майдандардың мүгедегін көп көрдік,
бейбіт күннің мүгедегі қиын-ақ:
бұлтсыз күні жасын ойнап күркүрлі,
жаңбыр жауған секілді бұл бір түрлі.
Төрт бәшай ма?
Расында, емес түк,
Мүгедектің басқа түрі көп өсті:
бір түрі оның – жарамсақтар күлкілі,
Күншілдер мен өсекшілер – бір түрі,
бықсық тірлік? Сен білесің бұл істі,
Судай жылап жылға қуған жымысқы!
Пайда келтірудің жолын таппай дәл,
ағаштан – без,
бұтақ іздеп тақтайдан
Сабылған жан – мүгедексің,
Өйткені
ақылыңды арамдығың жеп қойған!
Сен – ең басты мүгедексің, расында,
Қол-аяғы балғадай бұл ғасырда
Әлгі шалдың сөз бе мүгедектігі,
ар мен ақыл кемтарлығы қасында!
Өлі орнында – от жанады алаулап,
Тірі ескерткіш – санаулы ғой, санаулы-ақ.
Отыр қария
Көкірегі қаңырап та
ерлік күйін таратады жан-жаққа.
Бұл шалға емес, мен мүсіркей қараймын,
есті адамы жоқ қайсыбір шаңыраққа!





Пікір жазу