03.06.2022
  140


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

КІТАП ДҮКЕНІНДЕ

Ұлы қала болып кетті бұл қала:
бір кезіккен адамыңды көшеде
Қайтып көру қиындады – десе де
ей, адамдар, көптігіңді бұлдама,
аз екем деп етпе көпке қызғаныш,
намысыңды – білместігің қозғасын.
Кімге қалай – айта алмаймын,
Өз басым
Санап жүрем адамдарды жүз-таныс;
Жүз-таныссыз елеңдейді құлағым,
бір есті сөз іздеймін – бар мұрадым.
Әлдекімді жақын тартып бір адым,
бір әсерді бөліскім кеп тұрады.
...Тағы көрдім:
Мына екеуі кешегі
Келіншектер!
Көп томдарға паңдана
қарайды кеп:
Кеше де өстіп екеуі
мазмұнды емес, мұқабаны таңдаған.
– Қарындастар, сәлемат па?– дедім мен,–
Жасамайық халқымызға жат ырым,
Сәлемдесу – сауап,– дедім,– көңілмен,
Жүз көрісіп жүргеннен соң ақыры.
Осыны айтып әлгі екеуге бұрылдым:
бірі – күлді,
екіншісі ызбармен:
– ағай,– деді,– тәсіл ғой бұл жырынды
қазір бұлай таныспайды қыздармен.–
Крем-майы самай жақта шаңытып,
Жанарында өрт қаулады, жел тұрды:
«Қырықтағы қырқылжыңдар» хақында
Судай жаңа бірер мысал келтірді.
Қысылайын дедім мен де,
Күйінді ол:
Шал құтырған заман деп бір тастады –
байым бар деп осының да үйінде
Жүр-ау күтіп мен секілді қасқа бір.
Қатты састым мына сөзден бет тілген,
Тікендер де әдейі арнап кептірген
бұлай соймас;
Жаным жидіп, бар болса
Әлгі әйелдің ерін аяп кеттім мен.
Күлген болдым:
Жарылса ғой жер текке –
Кірер едім.
Күйіп кеткен секілденді жан-денем.
Ал, әйелдер сатушы жас еркекке
Мені нұсқап айтып жатты әлдене.
Өкіндім мен,
Күлдім кейін тұншыға,
Түсінбесті көргем талай, түсінгем.
Өлеңімді бұрмалаған сыншыға
Тұңғыш рет түсіндім мен ішімнен.
Бір айдан соң сол дүкенде тағы да
Кездестік біз, біреуінің іреңі
Көгіс тартты,
Менің ұлы бағыма:
– Жақсымысыз, аға?– деді біреуі.
– Дұрыс, қалқам, әдемісің,– дедім мен,
Көкірегім кеңіп қалды бір түрлі,
Қастарымның арасынан жеңілген
бір ақылды дос табылған сықылды.
– Солай, достар!
Түсініссек – жарады:
Сізде – көктем,
Келді маған алтын күз –
Уақыт – жылдам,
Қала үлкейіп барады,
енді қайтып көріспеспіз, бәлкім, біз?!–
дедім күліп...
Ұшқан құстай бұтадан
Кетті әйелдер.
Бірі бұлғап орамалын иілді;
екіншісі ерінін сәл шүйірді –
Қайтсем де оған ұнамады «мұқабам».





Пікір жазу