03.06.2022
  118


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АҢШЫ

Таңсәрі еді. Садақ иіп жас талдан
аңға шықтым: бурыл түлкі қашты алдан,
Түске таман құла болып түлкі әлгі
қылаң ұрып құмға қарай бұлтарды.
Көңіл – құла,
түлкі – құла,
Құм – құла:
бас айналды – бұлдыра, көз, бұлдыра!
Үзеңгіні тебе тіреп, тым қатты
тартқан жебем бір бұрқ етіп құм қапты.
Кешке таман құмдай құла түлкі әлгі
қылаң ұрып Күн астына бұлтарды.
Бірте-бірте ол күрең қызыл боп алды,
Күрең қызыл Күнмен бірге жоғалды.
Ант еткенмін бұл күні
енді қайтып қумаспын деп түлкіні.
Ертесіне түлкі болып тағы үміт
Қашты алдымнан – тағы қудым қағынып...





Пікір жазу