03.06.2022
  112


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

КЕЗДЕСУДЕН КЕЙІН

Ұнап қалдың, қалқам, дедім бір қызға
соны айтқанда жүрегім сәл ығысты.
Қыз ақырын қарады да жұлдызға
– ертең,– деді,– болады екен күн ыссы.
Дедім тағы: сөзім менің мәңгілік,
Өз ыстығым өз ернімді кептірді...
Қыздың көзі аспан жақта қаңғырып,
– биылғы ыстық, оңай емес,– деп күлді.
Куә мынау қараңғы түн, бай қала,–
Ұқсаңшы деп айқайладым ышқынып.
– Мейлі ғой,– деп жымиды қыз жай ғана,
Қолтығыма үш саусағын қыстырып...
Бүгінгі жас жүрексіз бе, бетсіз бе –
деп күрсіндім;
– тағдырға, аға, көніңіз,
ішкен біреу тиісе ме деп сізге
Серік болдым, кешіріңіз!– деді қыз.





Пікір жазу