03.06.2022
  131


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ТОЙБАСТАР

Ұйқыда еді дүние,
енді, міне:
қонақ тұра жармасты белдігіне.
Қосшы бала жүгірді қамшыны алып.
Құламай тұр, Құдай-ау, тамшы нағып?
Шу, қарбалас боп кетті бар маңайым,
Жиналайын, мен де енді қарманайын.
Тікірейіп шырша тұр үркіп тегі,
Жасыл сырға малып ап кірпіктерін.
Бей-жай еді дүние,
Не боп кетті:
Жүргіншіні жол сүйреп дедектетті.
Қара суға қаз кетті түсіп, есіп,
Тарбақалар табысты кісінесіп.
Тікеннің де жылтылдап инелері,
Жел алдында жібек боп именеді.
Инелік те билейді белін бұрап.
(Кетті маған қызығы оның да ұнап).
Гүл еріні түріліп кімді өбеді,
Кімді өбеді –
ешкім де үндемеді...
Уа, сүйінші табиғат!
Күрең мініп,
Көктөбені айналып Күн келеді!





Пікір жазу