03.06.2022
  96


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Сын

Күрсінуі Құдайдың – ауыр тірлік:
бұлт күркіреп,
су тулап,
дауыл тұрды.
Қорқақтау бір Құдайға кәрі Зевс
өп-өтірік асасын ала ұмтылды.
Жоқ, ұрмайды ешкімді, ештеңені,
Көп көзінше әншейін сес береді.
Алдау керек еді деп өкінді қарт –
Құдайға да кейде ақыл кеш келеді.
Өкінетін түгі жоқ;
Күштен гөрі
батқан оған әлсіздің тістенгені.
Күрсінді қарт: Құдайлар ұшып кетті
Қиқым-қоқым секілді үстелдегі.
Зевске де қорқақтар ұнамады,
айтқан емес ол жайлы бірақ әлі.
Кенет Құдай ақталды: «күрсіндім,– деп,–
Құдайлардың салмағын сынағалы»
Сол дәстүрден қалса егер бір-бір сынық:
Қорқақтар көп жағынар білгірсініп,
Сынау үшін салмағын сондайлардың
Көрсең еді сен де, аға, бір күрсініп.





Пікір жазу