03.06.2022
  110


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Греция

Аңыз деген немене ол?
Шындық шығар дің-түбі –
Уақыт – тұлпар тұяғының
Өшпей қалған дүңкілі,
Күңіреніп тұр бүгінде де тау іші –
Неткен күшті Гомер ақын дауысы!
Ырысы жоқ топыраққа у өседі деседі,
тарысын – құс,
тағдырын жел үлеседі деседі,
Мезгіл жетпей солар жапырақ
Құртымен бір өседі;
Жапырақ емес сенде өскендер –
тарихтардың парағы,
дүниеге сарғыш қанат – тарих болып тарадың,
Греция!
Далаларды, білемін мен, даңқын дауыл шығарған,
Дауылдармен шыққан даңқ,–
көктемеген, қуарған.
Сенің даңқың мәңгі жасыл
ертегі, жыр суарған.
Аңыз болып көктедің сен!
Әр бұтағың – бір арман,
бетегең де биік сенің шынардан,
терең сенің шалшығың да теңізден:
баяғыдан тыңдап келем үніңді –
шыға алмаймын құмардан.
Греция!
Ертегінің иен өлкесі қашаннан!
Бұлақ – таудан басталады, ал сенің
Өзенің де – аңыздардан бас алған,
тасыңның да – тамыры бар мың түрлі,
Құдайың да – аңыздардан жасалған,
Греция...





Пікір жазу