03.06.2022
  97


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ИРИНА РОДНИНА

Жоқ шығар-ау қанша шарла жер үстін
Шаттығынан өткен шаттық жеңістің,
бақытынан өткен бақыт жеңістің –
деді біреу,
Мен келістім, келістім.
О, еңбектің жеңісі,
рухтардың жеңісі...
Бір балладам тауып туса желісін
Жеңіс, жеңіс мен үшін!
Шу етті ұлы стадион – соқты қол,
Жер солқылдап кетті білем тепкіден.
Сонша сүйген, сүйсіндірген кім бізді?
Жеңіс өзі қалап титтей бір қызды
Құдіретті тұғырына мінгізді.
Біздің гимн әмірін бір жүргізді,
көтерілген сәтте Қызыл Ту біздің.
Тудай шалқып сезім шіркін «мен», «мен» дер
«Менге» құмар келеді ғой жеңгендер.
Ал, мына кыз гимн ойнаған шақта
Қып-қызыл Ту төбеде айналған шақта,
тыйылмады көзден жасы бұршақтап.
Алғыс толы ойлар туып көңілде,
Жанарыма жас үйірілді менің де:
Жасыл бақта жаздағы
Жарып шығып жасыл сабақ басынан
гүлдер бар-ау көз алдында ашылар.
Соған ұқсап жүрегім
Көкірегімді жарып шыға жаздады!
Қызыл Тудың сәулесі мен жүзі шын
Жанған сын-ды болды маған –
Ұлы елдің
Гимні ұлы ойналды осы қыз үшін,
Туы төбеде айналды осы қыз үшін –
Неткен бақыт!
Ұлы еліңнің ұлы гимні алдында
Жүрегіңнің қызыл туы алдында,
О, құдірет, тап осылай, құдірет,
Жыласаң ғой ғұмырыңда бір рет!





Пікір жазу