03.06.2022
  129


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ӘКЕ

Оқып жүрген кезім еді мектепте.
Салық қария қыңыр да еді, көк бет те:
– Құдай бар ма, – деді ұстап ап,
жігіт болсаң сен ойлы,
Әлде жоқ па, айтшы, балам, кітабыңда не дейді?
... Бұл не сауал, түсінбедім, не екенін,
түсіндім тек: түсірмеу жөн кітабымның беделін:
– Бар дер едім, сөмкеме нан салған емес ол менің,
Жоқ дер едім – іздеп барып орнын сипап көрмедім.
Рухтанып аузыма сөз түскеніне тегіннен –
Кітапта да дәл осылай жазылыпты, дедім мен.
– Жөн-ақ, ұлым, ризамын жауабыңа екпінді,
Кітабың да ақылы көп кітап екен! – деп күлді,
Құдай бар ма?
Жоқ па – оны ойлап көрген емен мен, тегі,
бес саусағым жердің күйін шертеді.
Қымбат бірақ құдай жасады дейтұғын іс-қимыл,
Қымбат және құдай жайлы аңыздар мен ертегі.
Әке!
Маған сенің есім-атағың
Құдай сын-ды алыс, жұмбақ, жат әрі.
Құдай сын-ды ұғым боп құр атағымен алдаған
Түсініксіз боп көрінесің түсімде де сен маған.
Туған жылым... болса егер анық бұл:
Мен әкеден төрт жасымда қалыппын.
Әке деген, мен үшін, сөз! –
Сөздер сын-ды көп ескі,
көзім көрген секілді ескі елесті –
сарғыш тартқан суреті де ескіліктей көмескі.
«Әкең бар ма?» – деген сауал қойылғанда мен жүдеп,
бірер мәрте тосылдым да мөлдіреп,
жауап берер жасқа жеттім:
«Соғыстан бұрын болды», – деп...
Жер секілді жарық тілеп жалтақтайтын Күн, Айға,
Жалтақтаймын «Әке» деген жалғыз сөзге былай да
Алмағаным үшін қабырғаңды құшып жылай да,
Әке!
Менің ұғымымда құдай сын-ды «барсың» сен,
Жоқтығыңмен де ұқсадың сен құдайға.





Пікір жазу