03.06.2022
  233


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

МОСКВАДАҒЫ ПУШКИН ЕСКЕРТКІШІ ТҮБІНДЕ

Бір-біріне қонақ дейді ақындар –
Александр Сергеевич!
Қарсы алмауға хақың бар:
Кіп-кішкене жігітімін, ал, мен бір
жас халықтың.
Фонтан болып атылғанда ән мен жыр,
домбыраның кеудесіне толғанда үн
мен де туғам,
туа жыршы болғанмын,
өзіңе ұқсап.
Шағын бірақ дауысым.
Менің даусым жаңғыртты тек тау ішін,
Жаңғыртуға жетпей жатыр даланы;
«Тағы тұңғыс» түгілі, не обалы,
Қазағым да танып біткен жоқ әлі.
Сен – Атырау жыр теңізі,
Мен – Терек,
Терек болып келдім саған ентелеп.
Кавказ сын-ды Алатауым,
басы – қыс,
бауыры көктем;
ағысымды асығыс
алып келдім,
түсіп келді басыма іс...
Тағдырым бар, тағдырым бар, тағдырым
шолақ сайдың тағдырындай тасығыш.
Ер төсінде үр қызы жүр гүл өріп,
желкесінде күздің қары тұр еріп.
Жүрегіне таман қолын жіберіп...
Ұлы Пушкин тіл қатпайды түнеріп,
Атыраудай Терек сөзін тыңдаған
тым сүлесоқ.
Не дейді деп бұл «надан»,
Қабағын сәл көтермек-ті,
әйгілі
көтертпеді көзіндегі қайғы ұлы.
Бір-біріне қонақ дейді ақындар –
Атырау-ақын!
Қабылдама – хақың бар.
Бірақ шулап мынау әлем, Жер үсті
Қонақжай ел деп жатыр ғой орысты?!
Ықылас – Ниет дәме етіп ем мен сенен,
алып орман,
атайы ақын,
еңселі ел!
Саласың деп ұлы төрде қалайда ән
қарт Алатау қасарып тұр талайдан.
Топырағымен көзім сүрткем Жамбылдың,
бата алып ем Махамбеттен, Абайдан.
Ақ пейілмен ардақ тұтқан халықтар
«Татьянаның қырдағы әнін» алып бар!
Ей, қайраттан, дескен, ұлым қайраттан –
болат пышақ та өткір болса – қайрақтан.
Аруақтарға жолыққан жөн оңаша,
жолық дескен, таң алдында Ай батқан.
Жасаң тілек, дәм-дәмемен бір қыршын
Сен деп келдім,
бір пиғылың білдірші!
Ер төсінде үр қызы жүр гүл өріп,
Желкесінде алғашқы қар тұр еріп.
Жүрегіне таман қолын жіберіп,
Ұлы жыршы тіл қатпайды түнеріп.
Атыраудай Терек сөзін тыңдаған
тым сүлесоқ.
Қайтеді деп бұл «надан»
Қабағын сәл көтермек-ті,
әйгілі
көтертпейді көзіндегі қайғы ұлы.
Үлкен, кіші деп бөлетін затында
Өнер – шоқпар емес басар тақымға
Бір-біріне қонақ дейді ақындар –
О, ұлы жан!
Менсінбеуге хақың бар.
Бірақ арнап тірегенге ат басын
Тәңірі де ашқан дейді қақпасын.
Түрің ғана болмаса, ақын, мұңайған,
Кем емессің Құдайдан,
артықтығың болса егер –
Гомер, Данте өлшемімен өлшенер.
Мен үшін сен ұстаз едің,
батыл тым
шықса сөзім – өзімсіну шәкірттік,
ұстаз бар ма менсінбейтін шәкіртін?!
Оян, ақын!
Қайғылы ойды таста әрі,
Өлеңіңді оқышы өзің тастағы.
Халық келді,– заман келді басқа бір –
Оян, ақын!
Кекті ашуды қой әлгі,
«тағы тұңғыс, қалмағың» да оянды.
Уақыт кешкен, сен де кеш:
патша ағзам – періште емес, пенде емес,
екі ортада екі жүзді болды егес.
Пенделігі үшін кешсең ескіні,
патшалығы үшін тағы кеш бірін.
Жо-жоқ, жарың адал адам еді асқан,
адасса егер адалдықтан адасқан.
Жазығы жоқ сұлулығынан басқа
төріңе де, төсегіңе, жолдасқа.
Саған тиген жалғыз оқты салмақтап,
бүгінгі ұрпақ бәрін-бәрін алды ақтап.
Өсек, ғайбат өршіткен қай оңбаған?
Музаң сын-ды
жарың саған болды адал!
Бұйра басын сілкіп тастап ұлы ақын,
Жүрегінен оң қолын ап,
сұрапыл
ырзалықпен созды маған;
бір оймақ
қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
Менің ыстық алақанымды ұстады –
Қабыршақ боп тастар сынып түсті, әне.
Жазылды да желеңінің қат-қаты
Тас-тұғырдан түсіп келе жатты ақын.





Пікір жазу