03.06.2022
  214


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЖЫЛ ҚҰСЫ

Құдаш Мұқашев туралы
Жыл құсындай соғушы еді бір ауық,
біздің үйде –
балаларға жылауық
ұнататын ертегілер айтуды.
Құстар келді, кетті,
талай ай туды,
бұлт секілді кетті талай жыл ауып,
ал, Құдаш жоқ, Құдаш жоқ –
болмаушы ма ед құстың келу-қайтуы?!
Салауат айт, дейді қарттар, өткенге,
Өткендерді сағынған сәт көп менде.
Жылда екі рет жоқтаймын мен құсымды
Күзде және көктемде...
Әлдекімнің көшіп кеткен жұрты деп,
Әлдекімді сыбайтын кеп ысыртып.
Көзін жұмып күлсе сонсоң,
дүркіреп
ұшқан сын-ды болатын көп құс үркіп.
Көзін жұмып?
Иә, солай болатын,
ондай етіп күле алмайды он ақын:
орманға ұқсас, қалай адас – мол іші,
қулық-сыр боп көрінетін сонысы.
Ондай шақта ойы астарлы, тілі сақ
сезілетін –
Сезім екен бұ да ұсақ.
Күлгені оның – өмір сүргені екен ғой,
бір сәт қана ойлы еңбектен тыныс ап.
Момын да еді, ақын сонша өр еді –
еңбек-тұғыр,
О, көңілдің көбеңі!
Ұлыма айтсам Құдаш жайлы мен бүгін
ертегі айтып отырғандай көреді...
Жоқты көксер көңіл сәті көп менде.
Әр жыл сайын көктемде
Жүрегімді қанатты ойлар тепкенде
Жалтақтаймын ағаштардың басына,
бұталарға жасыл-жасыл бүр жапқан
Құсым келіп қонатындай бір жақтан.
Жүрек қаны – қаламымның сиясы,
қасіретімді қайда апарып құясың?!
Қыран-ақынның бермек едім сый-асын...
балапанын құс баулыпты басқа бір,
басқа бір құс меншіктепті ұясын.





Пікір жазу