03.06.2022
  99


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АШАҚ-МӘШІ ХИКАЯСЫ

Атақ-даңқ дөгеннің болмай кейде көбі адал,
Герострат даңқындай,
дақ боп кейде қалады ол.
Әлі күнге бір сыпсың тарайды сол даладан,
Әлі күнге бір суық еседі сол моладан.
Ағайынды екі адам:
Қымыз ішіп, қыз құшып,
атақ үшін, ақыры кетісіпті ызғышып.
Көрмегенді көне көз
көне аңыздан сұрасақ:
екі еріккен өтіпті, бірі – Мәші,
бірі – Ашақ.
Не істемегеп адамдар дүние үшін бұ қараң,
ал, атағы үшін сол дүниені де құраған.
Мәші айтады бір күні:
аулақ етсін күнәдан,
Мәші есімін көр де тұр, даңқты етіп шығарам.
Екі көзі жасаурап:
Мен де – дейді сонда Ашақ,–
Жорға күрең-төбелін жалғыз аяқ-жолға сап.
Жоқ, мен,– дейді Мәші аға,
О, жасаған, жасаған,
О, жасаған, қуыс көз-құмарлыққа мас адам
«Мен», «мен» десті «мен!» десті,
Кесір егес, кері егес –
Ией, ерегес, ерегес, мен-мендіктер, ерегес?
Қадалысты екеуі – қатал қабақ, жат ары –
Қайсысының бірақ та бұрын шықса атағы,
Сөз байласты қалсын деп «тауарықта» сол ғана,
екіншісі болмаққа біріншіге қол-бала.
Ал, халықты ұмытты,
Әппақ шелге тұнып, құр
Түк көрмеді көздері, уа құмарлық, құнықтыр!
Атақ, даңқ кім үшін?
Бос қуыс сөз далбаса,
есімді елеп ел өзі ауызына алмаса!
Құдай өзің дәме бер,
Бермесең де емексіт,
Бал болмаса дәме-үміт, су да емес-ау, демек, сүт.
Ашып кетті сүт-үміт,
Қашып кетті көкжиек,
ауық-ауық аулақта ішін тартты жел өксіп.
Менің туған жерімнің тікенінде де ұят бар –
Тікенімен тырысып теріс айналды қияқтар.
Менің туған жерімнің қаңбағында салмақ бар,
Қабырғасы ырсайдай
ақ тікенді бір сайға жасырынды қаңбақтар.
Бір бәйтерек тереңнен, шығар-ау деп ұмтылып,
демін ішке ап сары бауыр ұйып қалды құм тынып.
Грек мифіндегідей, қалтарыстан, тасадан
найза ұштары шықты өсіп.
Ал, азамат, асы адал
арыңды әкел дегендей, жау қаптады, не шара,
ду-ду етті дала үсті, жабылғандай аш ара.
Аспан кетті шалқайып көгістене, қасара –
Қасарды деп, ей, тағдыр қарау үкім жасама:
сұспен күлді сұр болат,
Ашақ – Мәші қайда әлгі,
Алсын атақ-даңқты
ашсын-дағы майданды!
қарсы шапты Мәші, рас,
ұшқындар, ал шашырас!
Көрінді елдің досы – дос,
Қара бауыр қасы – қас,
бақайшағы – қара тас,
бағы батпақ, басы – бас,
қарсы шапты Мәші, рас,
Құр шабыста мақсат не:
Күші басым жау оны байлап алды әп-сәтте.
Жеңі ұшынан жел тұрып, жеңісіне мастанған
атылады Ашаққа жау батыры жас тарлан,
Ашақ тұра қашады
атақ-даңққа аш әлі,
Қуып жетіп жау сонда желкесінен басады,
Лақтырғанда Ашақты жауырынынан шанышып –
Қорқақтың да шырқырап көкке шықты жаны ұшып.
Елдің жалын жапырып бітті солай жау ісі,
Ашақтың тек қалды өшпей «сауғалаған» дауысы...
Тірі қалған шал, кемпір итке тағар қарғы ұстап,
Жалғыз көмген Ашақты сол төбеге қарғыстап.
Мәшіні ешкім білмейді – ұмыту боп соқты сәт
Түтіндей де алмады шала жанған от құсап,
Саныңды құр соғасың,
ойласаң мұң боласың –
аты шықты Ашақтың: Әне, «Ашақтың моласы»!
Қоңыр төбе жусанды. Жалпақ шағыл түбінде
Жатыр Ашақ моласы – қауым болған бүгінде.
Арын қорғай алмаған,
Сыйламаған әрі елін
Қорқақтар мен сатқыңдар емес, рас, бәрі оның.
Қалай Ашақ атанды?
Көне әңгіме, ескі үн бұл,–
Қалай өлді сол Ашақ?–
Жұмысы жоқ ешкімнің.
Өлген жанын алыс ел ару жуып, ақ тілеп,
Сол қауымға тасиды топырағы қатты деп.
Неге қатты топырақ – құм ғой маңын қоршаған –
Ұғар еді өткенді ой көзімен көрсе адам:
Жиіркеніп Жер байғұс өкінішті бір мұңмен
Ашақ үшін тас болған шығар, бәлкім?
Кім білген.
Қарттар кескен ақ үкім – қарғы,
қарғыс – бәрі ұмыт,
арын басқан күнәдан Ашақ жатыр арылып,
Алапестен өлгендей жан жуымас деп еді,
Жазасы еді сол елдің жалғыз көмген себебі.
Дәстүрдің ең жаңасы –
Жұрт байлығы, ел асы,
Ұмытшақтау ауылым бар – ақ көңіл ғой шамасы.
Ымырт шақта көрінер қарауытып, қарашы –
Топыраққа қорлық-ау сатқындардың моласы!
«Ез ұятын топырақ артар» десе – дәл ұғым:
Қызарады кеш сайын менің әппақ шағылым.
Жау аттаған жерлерде адам бар ма сау іші,
Қайтушы еді қашанда жауыз болмай жау ісі:
Тыншымасын деген ғой, құмның ары мәңгілік,
айсыз қара түндерде жел көтеріп жаңғырық,
еміс-еміс естіліп, құлаққа ұрар қаңғырып
әлдекімнің ышқынып «сауғалаған» дауысы...





Пікір жазу