ТЫНЫШТЫҚ
Ақша бұлтқа ақ шыңдар тұр жарасып,
бұлттар көшсе – көшердей бірге адасып.
Оятады бұтаны жел ақырын
Шық-көздерін жапырақтың тырнап ашып.
Сабақ-мойнын жапырақ мың бұрап ап,
Жылт-жылт етіп айнала тұрды қарап.
Тырнап ашып көзімді,
кемді күннің
хабаршысы – газетке мен де үңілдім.
Шешем байғұс әрнеге көңілі алаң
«Тыныштық па, шырағым?» – деді маған.
бас изедім мен үнсіз.
Күрсінді ана
бір қызарып бет жүзі, бір сұрлана
Ойлайтыны уайым;
Шатырымнан
жайлап сырғы, тамшылар, тырсылдама.
«Тыныштық па?» деп тағы сұрады анам,
Сенбейтіндей газетке, мына маған.
Шаруасымен оянды күндегі елім,
тыныштықтан, дедім мен, тіл кебеді.
Желі де жоқ кептірерлік шықты үрлеп
Көбелектер әлі отыр гүлде дедім.
Мазалайды кәріні бұл ой неге,
Неге мұнша тыныштық тілейді өле?
Газет ұстап шытынсам қабағымды,
қабағыма қарайды үрейлене.
Міне, тағы күрсінді қақырап бір,
сығырайып мені әлі бақылап тұр.
Мылтық оқтап бір жерде асығып ел,
соғыс жүріп жатқанын жасырып ем.
«Тыныштық па?» – дейді ана,
тағы, тағы
көзіне әжім уайым тоғытады.
Әне, дедім, шық-көзін ашып жанған
жапырақтар,
Әне, алаң жасылданған.
Қойтас қарнын қампиған кебеже-кең
терезеден көрсеттім, терезеден
Жас ағаштың көрсеттім бунақтарын,
бүгінгі ауа райын бір мақтадым.
Тыныштық қой, дедім мен, мұның бәрі.
«Шүкір, шүкір!» – деп кемпір жымыңдады.
Тыныштық та дыбыс қой,
тереземді
жауып едім – құлағым шыңылдады.
Тыныштықтың түсі деп қоңыр түсті,
қоңыр түсті таңдадым, көңіл түсті.
Момын ғой деп кидім мен қоңыр көйлек,
Мінезім де қоңыр ғой, момын ғой деп.