УАҚЫТ ЖЫРЫ
Сараң аты елге әйгілі біреу өліп кетеді,
Жомарт аты елге әйгілі біреу өліп кетеді.
(Ақылды адам көз жұмды деп барлық сараң жоқтайды,
Қайырымды адам көз жұмды деп барлық жомарт
жоқтайды.)
Екі қабір – екеуінің мекені,
бір төбеге жерленеді екеуі.
Таянады –
ездің ойы, ісі ердің
таразыға табан тіреп түсер күн.
Сырттай құрмет-атақ тұтып Құдайды,
Сот құрады сарапшылар былайғы:
«Не бітірдің?»– деп сараңнан сұрайды,
«Немен келдің?»– деп жомарттан сұрайды.
Сараңдығын аттап өтіп бірі айтты.
Жомарттығын мақтан етіп бірі айтты.
Ақтауға өзін сөз таппаса қайтеді жұрт бұ тілді:
бірі барын арқау етіп құтылды,
бірі жоғын сылтау етіп құтылды –
екеуінің сөзі де аса ұтымды,
екеуі де жақсы кісі сықылды...
Бас сарапшы қатқанда ақыр батыл үн,
Жомарт – күліп,
Сараң жылайды ақырын;
Жо-жоқ, үкім анық шыққан жоқ әлі,
екеуінің күнәсы ауыр, бірін тек
айдаһарға жұтқызатын болады,
(Жөнделуге тапсырылып актімен
Тозақ пеші жанбай тұрған шақ білем).
...Тісі ақсиып, күлетіндей ыржақтап
Айдаһар да келе жатты бір жақтан,
бары – ауыз боп ашылатын секілді,
жұтқан сайын ашығатын секілді.
Жомарт жатыр,
Жомарттықпен бергені
айдаһардан қорғау керек енді оны,
есіне алса: ғұмыр бойы ештеңе
аямапты бай, кедейден, кещеден,
данышпаннан, жауыздан да, баладан,
алғыс-қарым тілемепті және оған;
Өсекшіге етік берген, ер берген,
Жалғыз атын аямаған зергерден.
Сәудегерге, жесірге де көп берген,
бар ғұмырын тек берумен өткерген,
дүниенің санамаған көп-азын —
енді неден қысылады сабазың!
Мекенжайым – Жұмақ қой деп арайлы,
Желге қарап кекілін бір тарайды.
Өзін қойшы,
көршіні аяп қынжылып,
Сараң жатқан жаққа бір сәт қарайды.
Сараң жатыр,
Қарайды ол да ұрланып,
Күздің соңғы жапырағындай дір қағып.
Зауалы боп өткен күннің баяғы,
Әне, айдаһар таяп қалды, таяды,
аран аузын ашып алып жұтқалы…
(Кенет, ешкім не болғанын ұқпады)
дем-лебімен енді тарта берген ол,
Көмейіне бір күлше нан көлденең
тұра қалды.
Іс болды бұл ғажайып,
(автормыз ғой, таңданбай-ақ жазайық).
Сөйтсе сараң, уа, құдірет, құдірет,
жомарттық қып ғұмырында бір рет,
Нан беріпті қайыршыға қаңғыған,
Сол нан екен – әлгі нан,
Жақсылық боп шығып тұрған алдынан.
Ал, жомартты... сенімді еді ол әлі,
«ау, ағайын» дегенінше айдаһар
бір-ақ қылғып жұтады да салады.
Өйткені, оған беру мақсат боп алды,
Таныған жоқ сауап, қайыр, обалды,
Таңдаған жоқ уақытты адамды,
шашқан алтын, шешкен шапан көп әлгі
жеңіл бу боп желмен еріп жоғалды.
«Ғарасаттың майданында» тағы да
Әлдекімді тергеп жатты жабыла.
Сырттай атақ-құрмет тұтып Құдайды,
Сот құрады төрешілер былайғы:
Не тындырдың деп біреуден сұрайды,
Немен келдің деп біреуден сұрайды.
Қызық жайлар боп жатады мұнда аса:
біреу ерлік, жомарттығын бұлдаса,
айдаһардың жемі болса сонда да
О, дүние де – оңған дүние болмады, ә?
Енді бірі... қарау жан ғой ол нағыз,
Жоқ, сараңды ақтап әуре болмаңыз!
Айдаһардың қарыны еді – орны оның,
Бір-ақ мәрте қайыршыны алдаған,
күлше нанның арқасында қалды аман –
бәрі, бәрі – дейді қарттар Алладан!
О дүниеге мүлде сенім жоқ менде,
Және жабық көңіл, құлақ өткенге,
Тек мені әлі толғандырып қояды
Жақсылық пен жамандықтар баяғы.
Екеуі де қалмас мәңгі модыдан,
Жақсыға – бір,
Жаманға мың жолығам.
Қылмыс болса есепсіздік, шашпалық,
Сол жомартты алған Құдай, мені де ал!
Ал, сараңның тірлік-қамын елестет,
Сараңға өштік оты жанса – о да ескі от.
Жаңалық сол: жұмсақтық бар онда да,
түгел тастан жаратылған емес тек.
Жүрек жанса мейірім-отпен бір алау
Жақсы ат алу үшін емес шығар-ау,
Жақсылықты – жақсы ат үшін етер кім,
Ондай болса – күнәсін мен көтердім!
Құтыла алмас бірақ ондай өсектен
Жақсылықты жасайтындар есеппен.
Мен – қазақпын, қайырымды адам боп өстім.
Бірақ қайыр сұрап келген жоқ ешкім.
Толғантқанмен «сараң», «жомарт» деген сөз,
Атымтай да, Шығайбай да емеспін.
Кейде, рас, толғантады мені осы
ғасырлардың мәселесі келесі:
Сырттай сайлап Абайдай бір Құдайды,
Сот құрса егер кейінгі ұрпақ былайғы,
«Не тындырдың?» десе қатал бірі аса,
«Немен келдің?»– деп біреуі сұраса,–
Жауап таппай мінезіммен тым ынжық,
Тұрған шақта жерге қарап күмілжіп,
Уақыт өзі Айдаһар боп көгіс тым,
Зауалы боп, өткен күннің, көп істің,
Салақтығым үшін ой мен өлеңге
аузын ашып, енді жұтам дегенде,
дөңгелентіп тартқан кезде деммен ол –
бір өлеңім тұрса деп ем көлденең!