ШЫТ КӨЙЛЕК
Денсаулықты жөндеу үшін, көпшікті
жүректерге қою керек деп шықты.
Инфарк па?
Жүйке ауру ма?
Бәрі осы
ауа мен су – бәрі осының бәлесі.
Бұған біреу дау шақырды: Жоқ!– деді,
ауа да – жел,
желдің бәрі өтпелі,
ал суыңның сынап құсап әрі-бері
ағуы көп тоқтағанынан гөрі,
денсаулыққа зиян емес ол да аса,
киген киім болмаса:
ауа өтпесе, қыздырмаса күн әрі
Нейлон, балон, кремплиндер кінәлі.
Жібек – жұқа,
Мауыт – қалың,
майданды
бастап тұрған ала шыттар қайда әлгі?!
Шұға, мақпал, бастондарға айып тақ,
Сөрелерге шыт-шыпырды жайып бақ!
Гастрит пе?
Қасқыр-ит пе?
Бәрі осы –
Бөзден көйлек кимегеннің бәлесі.
Әр моданың пәлсапасы бар, әрі
бар өзінің қаруы мен жарағы,
айыбы бар тағатұғын сыны ғып,–
Соның бәрі шыт көйлекке ұқсайды:
бір терлесең түсетұғын сылынып!
О, шыт-талғам!
Тас безедік,
жыр сыздық –
Модаға ер деп зорлап жүрген кім сізді?!
Өңменді атты өмірдегі құнсыздық,
Шытқа айналып көп ән-күйің, тірлігің,
Жайманың бар бетін бермей жүр бүгін.
Шытқа мен де қарсы емеспін,
бар шыным:
Өнердегі арзандыққа қарсымын.
Құнсыздыққа қарсы ашамын қан-майдан
Маржан-терді моншақтатып маңдайдан.
Ей, шытқұмар!
Қане, алып қал, алып қал,
Шыт-жырларды қара бақыр-шабыттан!
Ал мен шытқа қарамаймын – жарайды,
бірақ мен де модаға еріп қараймын
Қара барқыт шапанымен Абайдың.