03.06.2022
  116


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚЫЗЫЛ ГАУҺАР

Төрт аға бар,
Қыз – жалғыз, өзі сұлу,
сыйлы адам
әкесі бай – жалғыз қыз асыл тастар жинаған,
Көк гауһар бар,
сұры бар,
күлгіні бар, ағы бар –
тағы, тағы, тағылар қазынадан табылар,
Қызылы жоқ тек қана.
Қанағат пен ізетті
Ұмытқан қыз әлемнен қызыл гауһар іздетті.
Қызыл керек, қызыл-деп,
Қызыл-қызыл-қызыл-дап
гүл іздеген арадай іздеушілер ызылдап
шар-тарапқа аттанды:
Қыз көңілінде жоқ ісі
Құр қол қайтты көбісі,
Қайтпай қалды көбісі:
«Қарға іздесін қызылды!» – деді біреу қылжақбас,
О, күлкі, қаш, бір мысқал қыз қайғысын ұрлап қаш!
Ұрланып кеп қақпасын қақты түнде сол қыздың,
Жо-жоқ, жігіт емес ол – мыстан кемпір бір қақбас.
Сақтан, сарай, қара түн:
істелмек пе арам іс,
аулақ, аулақ, күдікті ой, көңілге жат, әрі алыс.
Қыз ашқанда есігін айтпақшы, әлгі кемпірдің
қолын көріп қалып ед, қол емес-ау, тарамыс;
тарамыстан қан жүріп, тамыр соқпас сірә да,
ал тамырсыз денеден қайырым да сұрама!
Қызыл гауһар табам деп ызың етті сол мыстан –
қызармағы тастың да қызығудан, болмыстан –
Гауһар түйме көрсетті.
Қарады да қыз алып:
– Мынау ақ қой, апеке-ау?
– Піседі ертең қызарып,
Жас тас еді бұл әлі –
Нағыз асыл қыз алар
бір жас жігіт қызарса – тас та содан қызарар.
– Жігітім жоқ, – Күлді қыз.
– Ағаң бар бір талапты ер,
қызарғанын көрейік: кіші ағаңа шарап бер.
– Сонсоң? – деді қыз шошып,
– Сәбисің-ау сен әлі,
Сонсоң түк те болмайды – ұйықтайды да қалады.
Қыз қарады гауһарға: ғажап екен тас тіпті, ә?
Кіші ағасын шарапқа үлгерді лез мас қып та –
Кемпір сүйеп апарып жатқызды да жастыққа,
берді гауһар түймені;
обалы не, обалы:
түйме қыздың өңірінде қызарғандай болады.
Тас қырында қызыл нұр қан секілді ұйып қап
Жалғыз түйме жанады – аға жатыр ұйықтап.
Қыз күрсінді:
– Түйме әсем, әттең жалғыз! – деп қалды.
Барып қалған есікке кемпір кенет тоқталды,
тұла бойы түп-түгел толы қалта-қапшық-ты,
Қойынынан гауһардың тағы бірін ап шықты,
тағы ұсынды түймені,
қарады да қыз алып:
– Мынау да ақ қой, апа-еке-ау?
– Бұл да пісер қызарып...
– Жігітім жоқ! – Күлді қыз.
– Шарап ішер талапты ер,
бір ағаңды шақырып тағы, тағы шарап бер.
– Сонсоң? – деді қыз тағы.
– Сенбейсің бе сен әлі,
Сонсоң түк те болмайды – ұйықтайды да қалады
Қыз қарады түймеге: қандай сұлу тас тіпті, ә?
Құйды ағаға шарапты,
тағы да сол мастық па –
Кемпір тағы сүйрелеп жатқызды да жастыққа,
берді гауһар түймені.
Обалы не, обалы:
Ол да қыздың өңірінде қызарғандай болады.
Тас қырында қызыл нұр дірілдейді ұйып қап,
түймесі – екеу,
аға – екеу, жатыр, әне ұйықтап.
Екі түйме қамзолын қаусыра алмай бір түрлі,
Қос түймесін сипалап қыз тағы да іркілді.
Кеуда қысқа көрінді, етек жақ тым ұзын да,
Қыз құмары он есе артты сонда қызылға.
Қызыл енді түс емес,
құлаққа ұрды үн болып –
Қызыл дүние, ызыңда, қане ызыңда, ызыңда!
Кемпірдің де манадан аңдығаны осы еді,
Көсеу тілі екі ұртын олай-бұлай көседі.
От жанғандай ұртында – ысылдатып ерінді
аузын ашқан – көмейі үңірейіп көрінді.
Бір түймені қыз қолы тағы ұстады қорқып-ақ,
бір ағасы масайып тағы ұйықтады қорқырап.
Сонда кемпір есікке ұмтылды да тепеңдеп:
«Кәрі көздің қызығын қырқып алдың – кетем», –
деп
байбалам сап бір ауық: «Алдап алдың мені», – деп,
Өкінген боп бір ауық жібереді еңіреп.
Қыз шыбықтай иеді мойын-басын өр біткен,
Қалады ұстап мыстанды бұ жолы көп қорлықпен
Адам аз ба дүниеде қаны кеуіп, жаны ұлып,
Қасіретін басының сұрап алар жалынып:
Жылады қыз.
Кемпірдің үсті қалта-қапшық-ты,
Қапшығынан гауһардың тағы бірін ап шықты.
– Бол, тез! – деді, – соңы осы;
шақырып тұр мені есік.
босқа кетті бір түнім сенімен құр кеңесіп.
Қыздың үлкен ағасы сопы-шора кісі еді,
Қарындастың қадырын силап ол да ішеді.
Қыздың төртінші ағасы ұйықтағанда қорқырап,
Гауһар түйме төртінші қадалады жарқырап.
Кемпір кетті. Таң атты.
Төрт түймесін бір ұстап,
Төрт ағасын оятып күлмекке қыз дұрыстап,
жамылғыны сыпырған –
Обал, обал, обал-ақ:
төрт бас кетті төрт жаққа қарбыз құсап домалап.
Бар маңайды кенеттен қызыл жапты, қайғы алды.
бітті қыздың құлағы,
қызыл тілі байланды,
домаланып денесі, қызыл қабық
жапты үстін,
бүрісті де қыз сонда қызыл қоңызға айналды.
Қызыл-гауһар дүние!
Қызыл қоңыз-құмарлық,
«дүние-қоңыз» дегенді дәл осыдан шығардық,
«дүние-қоңыз» тіркесі тірі ұғым боп әу баста
тілге кірген осылай.
Құмарлық пен құлқынның күйін күйттеп қыз-арман,
қанталаған – қыз көзі,
гауһар емес, қызарған.
Нені қуса адамдар – сол айналар қызылға –
Қызыл дүние, ызыңда, ей, ызыңда, ызыңда!
«Қызыл қоңыз» бізде бір мода деген мыстан, бар,
маусым сайын құбылар, қане, қуып ұстаңдар!
Гауһар жүзік – мода екен –
Қалтаға да обал-ақ –
Соның соңынан көп бас жүрген сын-ды домалап.
Бай ғой Совет адамы,
рухтардың байлығын
алмастырмаса екен тек гауһар жайлы қайғы-мұң.
Ашкөздене ұмтылар мода деген «тағам» бар
тегі тас қой гауһардың,
қайырым жоқ, жоқ онда ар.
Тас қызарсын қызарса,
Қызармасын көздер тек,
сұлулардың, жігіттер, жанарына қараңдар!





Пікір жазу