ҚЫЗЫЛ КІТАП
Ғылым айтқан сөздің бізге бәрі ұлғат.
Ғалымдар бір қызық жұрт:
Сары қоңызды қорғап бірі ұзын мұрт,
Жазды-ай келіп көптіріп.
Уайым ойлап, қайғы шегіп қаңғырып,
тасбақаны жазды біреу жандырып.
Құрып бара жатыр дейді табиғат:
бір елдерде әлденендей аң құрып,
бір жерлерде шөп құрып.
Америка құрылығын қысып тым
Жіберіпті кеше жазған жас ғалым:
Мұрты сиреп барады деп мысықтың.
Асанқайғы, сайысқа түс, ас, талас,
уайым айтсаң – сені-дағы тастамас,
серік етер сені олар,
қайғысы жоқ бас па бас!
Қырық жылға етеді олар қанағат
Қырықаяқтың башайларын санап-ақ.
О, жамағат, жамағат,
Ғылым жайлы ойламаймын мен ағат.
Сиректерді «Қызыл кітапқа» ұсынар
ғылым салты келе жатқан мәңгіден.
Ғалымдар да, ақын сын-ды жан білем,
Олай болса, менің де бар уайымым, әңгімем.
Қоңызды да қорғау керек,
бірақ мен
тарақанның аяғын
санамаймын шырақпен.
Азайғанды, жоғалғанды тіркесек –
Қайырымнан айырылды бір әпкем.
Уақыттың жақсылығы көп анық,
Көптігінен емес жатса қайсыбірі жоғалып:
Көп жақсылар кетіп жатыр қыр асып,
Орден, медаль – көпшіктерге қадалып.
Қане, қайғы сапыралық,
әңгімені соғалық:
Көп қайратты жапырдық біз қоға ғып,
Қадірлемеу арқылы.
Бір адамда бара жатыр жоғалып
Жақсылықтың бар түрі.
Ал өз басым аманында Ай, Күннің
Құрдасымның алдындағы беделімнен
айрылдым,
«Қызыл кітап», мұны да бір тіркеп қой.
Туласа да тентек жиын, үркек той,
Қара еменше қарайтұғын бүлк етпей
Ұлылардың саны азайды бүгінде.
Жел ескенде сол еменнің түбінде
Ербең қағар үп еткенді ызғар ғып
шөп пен шөлкем – біз қалдық.
Кешегі өткен айқас – адал базардың
берері жоқ – жалдаптары қалыпты.
Ұлы ұрыстың даңқты
Көп ері жоқ – балдақтары қалыпты.
Кешегі өртте жанған ерлер жарқырап
өшіп жатыр,
орден, медальдарымен
арттарында даңқы ғап.
«Көк базарда» бос балағын белбеулерге қыстырған,
Күлген шақта сыңар жеңдер қалтырап,
Қымыз ішіп дуылдасқан алты қарт,
Кеше көрсем – үшеуі отыр:
ақсақ, шолақ жұрт кәрі
Салбыраған, қабақтары, мұрттары –
Қымыздарын көңілсіздеу ұрттады.
Аңыз жасап шегірткенің мұртынан,
Қоңыздардың мұртынан
таратқанша сұр болжам мен сұр тұман,
Қорға, ғылым, майдан ерін сыртынан,
«Қызыл кітап», түртіп ал!
Ғылым айтқан сөздің бізге бәрі ұлғат,
Көбелекті жазды біреу көптіріп,
тарбақаның мұңын айтты жандырып,–
құрып бара жатыр деді табиғат,
бір елдерде әлденендей аң құрып,
бір жерлерде шөп құрып.
Табиғаттың жанашыры жамағат,
сен жайлы да ойламаймын мен ағат,
Өртеп түсер удан гөрі әлі де
емдеп жазар дәрі әлсіз!
Жо-жоқ, қабақ көрсетпеңіз маған сіз –
менің ойым залалсыз!
Табиғаттың тұтастығын сақта, ілім,
ал табиғат кімге керек адамсыз?!
Рас, жыршы артық кетер кейде тым,
өйткені оның біраз ойлар жейді етін.
Қолдан келсе, ұзарт адам ғұмырын,
Қысқартудың есебінен бейнетін!
Табиғат-ау, кеңшілігің қайда әлгі?
Кеңшілік ет, кеңшілік –
Сақтай тұршы батырларын майданның!
Мақтан етуші едім бірін сыртынан,
Міне, қазір келдім соның қырқынан –
Жүрегімнің басына уын бір төкті ой.
Махорка иісі бұрқыраған мұртынан
Сол бір асыл қарттар сиреп барады,
азайғанды, сирегенді тіркесек,
«Қызыл кітап», осыларды тіркеп қой,
«Қызыл кітап», түртіп ал!.