03.06.2022
  108


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚОШАЛАҚ ТАУЫ

Көкшіл төбе.
Тау деген құр атағы,
дала күні құсап күні батады.
Өзіне тән бірақ аң, құс, даусы бар,
кім біледі, бұ да содан тау шығар?!
Айналасы қобыраған жал-жал құм
Жел көтерген жалы сын-ды жалғанның.
Маңайымен салыстырсаң
әлгі көк
Жусан төбе – талай таудан мәндірек,
салмақтырақ,
атақтырақ.
Әңгі, ала
Қарғасының өзі қарар паңдана.
Жер отына хайуан біткен өш-ті аса:
Мортығын қой маңырап іздер, ешкі асап.
Қыран құсап қалықтайды торғайы,
Сарышұнағы қорсылдайды шошқаша.
Неткен тоқтық!
Тағдырына мәз бәрі,
дуадақтай – көбелегі жаздағы.
Бөксе артып ем – тарғыл тасы тоқтықтан
тулап-үркіп жығып кете жаздады...
Қошалақ-ай!
О, жаһанның мықтысы!
Қар, мұз түгіл, жарытпайды шық түсіп.
Мұнша аласа болмасаң сен,
келмес ед
көрген жанның басыңа бір шыққысы!
Бірақ, бірақ ойлап көрсең індете,
аласалық – адам кешпес мін бе екен?!
Әр бұтасы айдарлы, әрі кекілді –
жақсы ақынның қолтаңбасы секілді!
Күндемеңдер, ей, достарым, күндеме
төбесін тау жасайды деп бұл неге.
Аң, құсы бар, демек, ерек даусы бар
тау болса егер, кім біледі, тау шығар?
Төбе аз ба екен таудан биік заты, ары,
тау аз ба екен асыраған атағы –
бұ да соның бірі болып жатады.





Пікір жазу